Жыл соңында, жаңа жыл басталар тұста әрбіріміз «Бұған дейін не бітірдім, алдағы уақытқа қандай шараларды жоспарлаймын?» деген сауал төңірегінде бір сәт ойланары анық. 2024 Жаңа жыл есігімізден енгелі тұрған тұста біз де осы мақсатпен қолымызға қалам алдық.

Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қазіргі құрамы 2019 жылдың қаңтар айынан бастап 5 жыл мерзімге сайланған болатын. Сонан бері бес жыл ішінде шардаралықтармен ынтымақтаса отырып 2 рет Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын, 2 реттен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауларын өткізді. 2022 жылы референдум өткізді.

Мұнан бөлек осы уақыт аралығында 1 қала әкімі мен 14 ауыл әкімдерінің сайлауларын өткізді. Биылғы жылы аудан әкімінің сайлауы өткендігін жерлестеріміз жақсы біледі.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясында 7 мүше, 15 сайлау округтерінде 75 мүше, 33 сайлау учаскелерінде 227 мүшелер қызмет атқарды.

Жоғарыда аталған сайлаулар барысында еселі еңбек етіп, өзгелерге үлгі болған әріптестеріміз, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, учаскелік сайлау комиссиясының төрағалары мен мүшелері түрлі марапаттарға ие болды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы таяуда «ҚР Орталық сайлау комиссиясының құрылғанына 30 жыл» медалімен марапатталды. Әріптестеріміздің еңбектері еленгеніне біз де қуаныштымыз.

Жаңа жыл – барша адамзатқа жан шуағын сыйлайтын мерейлі  мереке.     Жыл сайын баршамыз жаңа жылды игі тілекпен,  үкілі үмітпен қарсы аламыз. Жаңа жыл – өткенді саралайтын, келешекке бағдар жасап, ертеңгі күнге жоспарлар құрып, үлкен міндеттер жүктелетін уақыт.

Жаңа жыл  елімізге молшылық пен ырысын ала  келсін. Еліміздегі әр шаңырақтың дәулеті мен сәулеті артып, береке-бірлігіміз арта берсін. Сіздерге зор денсаулық, қуаныш пен шаттыққа толы ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке, ашық аспан, шуақты күндер тілейміз.

Жаңа жылдан бастап Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жаңа құрамда жұмыс істейтін болады. Жаңа құрамда жұмыс істейтін әріптестерге алдағы уақыттары табыс тілейміз. 

Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясы.