Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жеке азаматтар да, ұжымдар да алдағы жылды көтеріңкі көңілмен атап өтуге тырысады. Бірі мерекені отбасында қарсы алса, енді біреулері ұжыммен бірге атап өтеді. «КЕУиК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінiң кәсiпкерлерi «Жастар» мейрамханасында Жаңа жыл қарсаңында осындай ұжымдық  корпоративтiк кеш өткiздi.

Мерекелік кешке бас-аяғы 500-дей кәсіпкер, сауда саласының мамандары қатысты. Кештің ашылу салтанатында ауданымыздың «Құрметті азаматы», бірнеше шақырылымда аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған, кезінде «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалын басқарған партия ардагері Ерғали Қарымсақов кәсiпкерлердi Жаңа жыл мерекесiмен құттықтап, алдағы уақыттағы жұмыстарына сәттілік тіледі. «КЕУиК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінiң атқарушы директоры Назгүл Молдабекова «Жастар» мейрамханасында той өткiзген кәсiпкерлердi Жаңа жыл мерекесiмен құттықтап, арнайы сый-сияпат тапсырды.   

Кеш барысында кәсiпкерлер Жаңа жылға арналған мерекелiк лоторея ойынына қатысып, көптеген бағалы ұтыстардың иегерлерi атанды. Лоторея ойынының басты жүлдесі – Сарыағаш демалыс аймағындағы «Саруар» шипажайына екі демалыс жолдамасы болды. Ойынның басты жүлдесін ұтысқа ие болған 2 азаматқа Ерғали Әбдәзімұлы салтанатты түрде табыс етті. 

     

Жаңа жыл кешiнде Аяз ата мен Ақшақар өз өнерлерiн көрсеткендерге сыйлықтар таратып, кәсiпкерлер Ұлу жылын қарсы алып, Қоян жылын шығарып салды. Жұмбақсөздер табу, арқан тартыс, би жарыс сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жеңiмпаздар бағалы сыйлықтар алды. Ел ішінде «Шардара ауданы – чемпиондар ауданы» деген сөз бар. Ол рас. Бізде басқаларын айтпағанның өзінде бір ғана қол күресінен 100-ден астам Әлем чемпионы бар. Кеш барысында осындай чемпиондарды дүниеге әкелетін нәзікжанды арулар қол күресінен сынға түсті. Жеңгендері шаттанып жатса, жеңілгендері «Мен чемпион болмасам, балам чемпион болады» деп елді бір күлдіріп жатты. Аудандық мәдениет сарайының, балалар саз мектебінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бір сөзбен айтқанда мерекелiк кеш есте қаларлықтай көңiлдi өттi. 

Өз тілшімізден.