Иә, жылдарды үміт жалғайды. Үміт – өмір. Тіршілік те үміттен тұрады. Біздің өткенімізге салауат айтып, келер күннен, келер жылдан үміт күтетініміз сол. Тағы бір жылды қорытындылап, тарих қойнауына шығарып салғалы тұрмыз. 

Қоян жылы еліміз үшін біршама табысты жыл болды. Қазақстан Республикасы әлемдік аренада өзінің ұстанымын көрсетіп, бейбітшілікті жақтаушы ел ретінде танылды. Қазақстандықтар жаңа, әділетті Қазақстан құруға нық қадам басты. Бұл халықтың санасына үлкен сілкініс жасады. Жаңа Қазақстанның алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр және ол тек Мемлекет басшысының ғана емес, барша қазақстандықтар бірлесе атқаратын міндет. Ендеше, біз жаңа жылдың есігінен енгенде жаңа Қазақстанға кіргендей сезінуіміз үшін, өзіміздің сана-болмысымызды жаңартуға, өзгертуге тиіспіз.

Ал ауданымызда ше? Ауданымыз үшін де тарих қойнауына еніп бара жатқан жыл табысты, жарқын жетістіктерге, жағымды жаңалықтарға толы жыл болды.

Ауданымызда жаңа кәсіпорындар бой көтеріп, жұмыссыз азаматтар жұмыс тапты. Ең басты мәселе де – осы.

Биыл ауданымызда бірнеше маңызды саяси шаралар өткені естеріңізде болар. 19 наурызда Шардара аудандық мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Халық өз таңдауын жасап, 15 сайлау округі бойынша ел сеніміне ие болған 15 азамат депутаттық мандатқа ие болды.

Мемлекет басшысының енгізген реформалары нәтижесінде Алатау батыр, Ақшеңгелді, Достық, Ұзын ата ауылдары әкімдерінің сайлауы өтті. Мұнда да қалың бұқараның қолдауына ие болған азаматтар ауыл әкімдері болып сайланды.

5 қараша күні еліміз бойынша аудан, қала әкімдерінің сайлауы өтті. Қанатқақты жоба аясындағы шара Шардара ауданында да ұйымдастырылды.

Аталған саяси шаралардан бөлек ауыл шаруашылығы, экономика, мәдениет, спорт, білім, жалпы руханият саласында да шардаралықтар біршама жетістіктерге қол жеткізді. Сондай жарқын істерді біз де мүмкіндігінше қалың оқырманға дер кезінде жеткізіп отырдық.

Келер жылы «Төрт қақпалы» атанған шежірелі һәм киелі өлкеміздің 60 жылдық мерекесі. Соған орай әр салада «60 жылдыққа 60 іс-шара» айдарымен мерекелік шаралар ұйымдастырылатын шығар. Солай болып жатса 60 игі бастама қолға алынады деген сөз.

Алдағы жыл бейнебір бұлт астынан шапағатын шашқан күн іспетті көрінеді. «Қиыншылықтан соң келген жақсылықтың қайыры мол болады» деген тәмсіл бар. Рас болғай. Биылғы жылдың қоржыны жағымды жаңалыққа толы болды. Есік қағып тұрған жаңа жыл жаңа табыстар алып келеді деген сенімдеміз. 

Сәбит Лаханов, «Өскен өңір» газетінің

директор-бас редакторы.