Жаңа жыл – бәріміздің ерекше тағатсыздана, үлкен дайындықпен, әрбір шаңырақтың қуана қарсы алатын мерекесі! Біз де бұл мерекені тойлауда сырт қалған жоқпыз...

Апта басынан аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қатысуымен «Ақ дастарқан» мейрамханасында ҚР Президентінің атынан өткізілетін балалардың жаңа жылдық шыршасы өтті. Қала әкімі О.Айдосов та көпбалалы, көмекке мұқтаж отбасылардың балаларын қуантты. Әрбір ауылдық округте осындай думанды шаралар ұйымдастырылды.

Аудан бойынша жаңа жылдық шырша кеші 29 желтоқсан күні болып өтті.

Жаңа жыл мерекесіне арналған салтанатты шара Шардара қаласындағы «Алты алаш» алаңында ұйымдастырылды. Алаңға жиналған тұрғындарды аудан әкімі Арман Қарсыбаев құттықтап, 2023 жылдың жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті.

– Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – өткен жылы атқарылған жұмыстарды зерделеп, тың қадам жасайтын, рухани серпін беретін, жақсылыққа ұмтылдыратын, жарқын өмірге жол сілтейтін мереке.

Елімізді одан әрі демократияландыру, тұрғындарды ел басқару мен шешім қабылдау үдерісіне тарту бағытында 2023 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде тың бастамалар қолға алынып, қоғамның барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалуда.

Шардаралықтар да тарих қойнауына еніп бара жатқан 2023 жылды шығарып салып, жаңа жылды жаңа еңбек жетістіктерімен қарсы алғалы отыр. Біздің бүгінгі мақсатымыз бен міндеттеріміз тұрғындарымыздың өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеруге бағытталған.

Ауданның жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізілді. Шағын және орта бизнесті дамытуда оң динамика қалыптасты.

Мұның барлығы да ауызбіршілігі мен татулығы жарасқан аудан халқының еңбегі, шардаралықтардың маңдай тері. Келесі жылы да жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады.

Біз қашан да жаңа жылдан, болашақтан жақсылық күткен халықтың ұрпағымыз. Баршамыз жаңа жылмен бірге ізгі жаңалықтардың келуін күтеміз. Келер жаңа жыл барлық бастамаларыңызға ақ жол ашып, еліміз үшін берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін! – деді А.Романұлы.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев те сөз сөйлеп, аудан халқын құттықтады.

Мұнан кейін ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосқан және қосып жүрген бір топ азаматтар «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Атап айтқанда, бұған дейін 2019-2023 жылы аудан әкімі қызметін атқарған Қайрат Жолдыбай, аудан әкімінің орынбасары Сапаров Нұрмахамбет, «Шардара СЭС» АҚ директорының орынбасары Сайманов Сейітмұрат, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрахов Сапар, зейнеткерлер – Биту Жанайдар, Ілесов Әбілқасым, Қаныбеков Ұлықбек, Момынов Әбдәшім, Тасыбеков Тоқсанбай және Құдайбергенов Алдабергендер ресми түрде «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Сонымен қатар, аудандағы әр сала бойынша елеулі қызмет етіп жүрген тұлғалар «Жыл үздігі_2023» номинациясымен марапатталды.

Мерекелік кеште жерлесіміз, республикаға танымал әнші Қазыбек Құрайыш және Шардара ауданының белді өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, қызылды-жасылды отшашуларға ұласты. 

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.