Аптаның сәрсенбісінде аудандық ардагерлер кеңесінде биылғы жылғы алғашқы алқа мәжілісі өтті. Ардагерлер кеңесі жанындағы «Әкелер мектебі» мен «Медиаторлар тобының» жұмыстарына байланысты өткен жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Әбілдаев, «Әкелер мектебінің» төрағасы Н.Ыбырайым, медиаторлар тобының жетекшісі Ж.Биту, қала аумағындағы ардагерлердің бастауыш ұйымдары төрағалары және Шардара қаласындағы мектептер директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, қала әкімдігінің мамандары қатысты.

Алқа мәжілісін ашқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков қазіргі таңдағы аудандағы «Әкелер мектебі» мен «Медиаторлар тобының» жұмыстарына жан-жақты тоқталып, олардың биылғы жылы міндеттеріне де ерекше баға беріп өтті.

Мұнан кейін сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Б.Таласов ардагерлер кеңесі жанындағы «Әкелер мектебі» мен «Медиаторлар тобының» жұмыстары өте өзекті екендігіне баса мән беріп, бұл бағыттардағы еңбек ардагерлерінің белсенді іс-қимылдарына тоқталды. Жасөспірімдермен тығыз жұмыс жасап, қоғамда көбейіп жатқан вандализмге қарсы тәрбиені күшейту керектігін нықтап айтты. Мектеп оқушыларының зиянды заттардан аулақ болуын қадағалап, киім үлгісіне дейінгі тәрбиені күшейту керектігін жеткізді.

Келесі кезекте аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Әбілдаев аудандағы білім мекемелеріндегі «Әкелер мектебі» ұйымдарының жұмыстары бойынша көпшілікке мағлұматтар беріп, алдағы уақыттардағы атқарылар шаралар жөнінде хабарлама жасады. Мұнан соң «Әкелер мектебінің» төрағасы Н.Ыбырайым ардагерлер кеңесі мен аудан мектептері арасындағы әріптестік байланыс және сабақтастық туралы ой-пікірлерін жеткізді.

Ал, аудандық «Медиаторлар тобының» жетекшісі Ж.Биту аудандағы жұмыс атқарып отырған барша медиаторлардың бүгінгі күндерге дейін атқарған шараларына және алда жоспарланған межелеріне жеке-жеке тоқталды.

Алқа мәжілісін қортындылаған Т.Бердібеков тиісті бастауыш ұйымдар төрағалары, «Әкелер мектебі» мен «Медиаторлар тобы» жетекшілеріне тапсырмалар жүктеп, қаулы қабылданды.

Мадина ДОСЫМҚЫЗЫ.