Жыл басында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жер-жерде өз сайлаушыларымен кездесулер өткізуде. Кешегі аптада осы мақсатта жерлесіміз, ақын, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Шардара ауданына іссапармен келді.
Аудандағы халықпен кездесуді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев жүргізіп отырды. Кездесулер М.Әуезов мектебі мен аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткізілді.
Кездесудің мақсатын түсіндіріп кеткен соң Қазыбек Жарылқасынұлы Парламент қабырғасында атқарған және атқарып жатқан жұмыстар мен қабылданған заңдар туралы егжей-тегжейлі баяндап өтті.
Депутаттың дәйекті сөздеріне ризашылық білдірген шардаралықтар кездесу барысында және жеке қабылдауда өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселелерді ортаға салды.
Атап айтқанда, Шардара қаласын таза ауыз сумен қамту, мақта шаруашылығы, өндіріс орындарын ашу, ағын су тарифы, газдандыру, МӘМС және басқа да мәселелер көтерілді.
Өз кезегінде Қазыбек Жарылқасынұлы қойылған сұрақтардың барлығына жан-жақты жауап беріп, заңнамалық өңдеуді қажет ететін мәселелерді алдағы жұмыс үшін жазып алды.
Сондай-ақ, республикалық деңгейде көтерілетін мәселелерге баса назар аударып, оңтайлы шешілуіне ықпал жасайтындығын жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.