Қазіргі қоғам жастардың бойына адами құндылықтарды – сүйіспеншілік, мейірімділік пен әділдікті сіңіріп тәрбиелеуді көздейді. Рухани тәрбие балалық шақтан бастау алып, адам өмірінің әр кезеңінде дами отырып, нәтижесінде дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеуге өріс алады. Ал осы құндылыққа жол ашатын – тәрбиеші, яғни педагог.
Осы тұрғыда жарты ғасырлық тарихы бар №8 «Балапан» балабақшасында «Тәрбиеші – балабақша жүрегі» атты тәрбиешілер арасында тартысты сайыс өтті. Мұндағы мақсат – тәрбиешілердің өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету, білімдерін шыңдау. Сайыстың ашылу салтанатында «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, №8 «Балапан» балабақшасының меңгерушісі Құралай Тілешовалар сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайысқа 9 үміткер қатысып, олар «Мамандығым – мақтанышым» (өзін-өзі таныстыру), «Тапқырлық танытыңыз» (сұрақ-жауап), «Өнерлі өрге жүзер» (тәрбиешінің өз өнерін көрсетуі), мақал-мәтел жалғасын табу, «Ас – адамның арқауы» (ас мәзірін дайындау) шарттары бойынша бақ сынасты.
Осындай түрлі шарттардан мүдірмей өткен Меруерт Өтегенова 1-орынды иемденді. Ақұлпа Мерденова 2-орынға, Төлеқыз Тотықова 3-орынға ие болып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар тарту етілді
Сайыс соңында сарапшылар мен көрермендер іс-шараның өте жоғарғы деңгейде өткізілгенін атап көрсетті.
Тәрбиешілердің жұмыстарына толайым табыстар тілейміз.
Мадина Ералы.