Кеше «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» ұйытқы болуымен «Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы» тақырыбында сыртқы жарнамаларға орай акция ұйымдастырылды.
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мамандары, жергілікті БАҚ, қала әкімі аппаратының мамандары, аудандық ішкі саясат бөлімінің, «Жастар ресурстық орталығы» мамандарының қатысуымен өткізілген түсіндірме жұмыстарында «Дина», «София», «Аяна» сауда дүкендері, «Кәусар», «Ханшайым», «Vogue» сән салондарына, «Сұхбат» дәмханасына сыртқы жарнамаларының ағарып-тозғандығын, әріптерінің түсіп қалуы, орфографиялық қателері туралы түсіндірілді. Сондай-ақ «KERUEN», «ÄLİHAN» сауда үйлеріне ҚР Президенті Әкімшілігінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №23-32-26.503 тапсырмасына сәйкес латын графикасына негізделген алфавиттің соңғы нұсқасы бекітілмегендіктен сауда орталықтарының иелеріне атауларын ауыстыру ұсынылды. Орталық базар маңайында орналасқан дүкендер мен сауда орталықтарына жарнама мен маңдайша жазуларындағы қателер туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Осы орайда қала тұрғындарының, кәсіпорындар мен шаруашылық нысандардың, жеке кәсіпкерлердің назарына «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының талаптарын естеріне сала кеткендігі жөн көріп отырмыз. Көпшілік бас сұғатын, жұрт назар баса аударатын қала көшелері мен базар, сауда орталығындағы жарнамалық жазу орфография заңдылығына сай болғаны жөн. Оның үстіне ол қоғамдық қызмет көрсету орнына қойылар атау болса, онда жауапкершілік жүгі арта түсетінін естен шығармағаныңыз абзал.
Б.Сәтбаева, аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің қызметкері.