Кешегі аптада аудан орталығында қол күрестен Түркістан облыстық чемпионаты өтті. Чемпионаттың ашылуына аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, сөз сөйледі.
«Құрметті жарысқа қатысушы командалар, чемпиондардың жері атанған Шардара ауданына қош келіпсіздер! Бүгін міне қол күресінен кезекті облыстық чемпионат өткізілуде.
2023 жыл аудан үшін өте табысты болды деп білемін. Спортшыларымыз әлемдік, құрлықтық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, Сауд Арабиясында өткен Комбат ойындарында да абыроймен оралды.
Мұның бәрі спортшыларымыз бен жаттықтырушылардың маңдай тері.
Бүгінгі жарысқа енді қатысып, бағы мен бабын сынап жатқан жас спортшылардың әрбіріне сәттілік, әлемге әйгілі спортшылар бола берсін деп тілеймін!» – деді Арман Романұлы.
Сонымен қатар, қол күрестен облыстың аға жаттықтырушылары сөз сөйлеп, бұл жарыста 1-2 орын алған спортшылар алдағы уақытта өтетін ҚР чемпионатына жолдама алатынын жеткізді.
Ашылу салтанатынан соң кіл мықты, «сен тұра тұр, мен атайын» деген спортшылар жарысты бастап кетті. Жалпы 500-ге жуық спортшы қатысқан облыс чемпионаты қызықты да тартысты өтті.
Жеңіс тұғырынан көрініп, алдағы ел чемпионатына жолдама алған спортшыларымызды жеңістерімен құттықтаймыз!
Аудан әкімінің
баспасөз қызметі.