Жақында Түркия елінің Ыстамбұл қаласында қол күрестен Шығыс пен Батыс спортшылары арасындағы «East vs West 11» жекпе-жек сайысы өткен болатын.
Аталған сайыста қазақ елінің намысын қорғаған Нұрдаулет Айдархан әлем чемпионы Грузия елінің спортшысы Вала Ичкитиді 3-1 есебімен жеңіп, еліміздің абыройын асқақтатты. Осы- лайша, Шардара ауданының сайыпқыраны әлемде мықты екенін дәлелдей білді.
Апта барысында елге оралған чемпионды аудан әкімі Арман Қарсыбаев жаттықтырушысы Нұржан Төреқұловпен бірге жеке қабылдап, жарқын жеңістерімен құттықтады.
«Сіздер Шардараның ғана емес, еліміздің намысын қорғап, әлем алдында мәртебемізді көтердіңіздер. Бұл жеңіс спортшы мен жаттықтырушының маңдай тері және мемлекеттің спорт саласына деген қолдауының арқасы деп білемін.
Алдағы уақытта дүниежүзінің алдында еліміздің абыройын асқақтатып, биік шыңдарды бағындыра берулеріңізге сенім білдіремін. Аудан халқы атынан алғыс айтамын», – деді Арман Романұлы.
Аудан басшысы спортшы мен жаттықтырушысына Алғыс хат пен естелік сыйлық тапсырып, жылы лебізін білдірді.
Айта кетейік, Айдархан Нұрдәулет қол күресінен Әлемнің 10 дүркін чемпионы. Еліміздің біріншіліктерінде үнемі топ жарып келеді. Бұған дейін 75, 80 келіде бақ сынаған болса, бүгінгі таңда 85 келіде өнер көрсетеді.
"Өскен өңір" – ақпарат.