Кешегі аптада аудандық сот төрағасы Светлана Ондыбаева аудандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында арнайы брифинг өткізді. Брифингте С.Ондыбаева аудандық сотта 2023 жылы атқарылған жұмыстарды салыстырмалы түрде қорытындылады.
Брифинг барысында аудандық сотта өткен жылы жүйелі жұмыстар жүргендігіне куә болдық.
Мысалы, 2023 жылы 81 тұлғаға қатысты 77 қылмыстық іс түскен болса, 2022 жылы осы тақырыптағы істер саны 77-ні құраған. Жалпы 76 тұлғаға қатысты 73 қылмыстық іс қаралып, аяқталған (2022 ж. – 68 іс), оның ішінде 57 тұлғаға қатысты 54 іс бойынша үкім қабылданған (2022 ж. – 53 үкім), 9 тұлғаға қатысты 9 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Жоғарыда аталған 54 қылмыстық іс бойынша 57 тұлғаға қатысты үкім шығаруда 32 тұлғаға шектеу жазасы, 3 тұлғаға айыппұл жазасы, 5 тұлғаға қоғамдық жұмысқа тарту жазасы, 15 тұлғаға бас бостандығынан айыру жазасы, 12 тұлғаға ҚК-нің 63-бабымен шартты жаза қолданылған.
2023 жылы санкциялау туралы 83 өтініш түсіп, қаралған (2022 ж – 80 іс). Оның 28-і қамауға алу санкциясы, 12-сі қамауға алу санкциясын ұзарту, 15-і ұялы телефондардың қоңырауларын тексеру.
2023 жылы аудандық сотқа жекеше айыптау тәртібімен 43 шағым түсіп, 38 шағым кері қайтарылған екен.
Былтырғы жылы 865 (2022 ж – 688) арыз түскен, жалпы 717 (2022 ж – 492) азаматтық іс қаралып аяқталған. Оның ішінде 419 (2022 ж – 252) азаматтық іс бойынша шешім, 79 (2022 ж – 100) іс бойынша сот бұйрығы қабылданған. 62 іс пен 17 арыз (2022 ж. – 30 іс) келесі есептік кезеңге қалдық болып өткен.
130 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған (2022 ж. - 77 іс).
2023 жылы 230 (2022 ж. – 258) іс бойынша сот отырысы АБЖ құрылғысына жазылған. Сондай-ақ, 599 (2022 ж. – 463) әкімшілік құқықбұзушылық ісі түсіп, 585 (2022 ж. – 460) тұлғаға қатысты әкімшілік іс қаралып аяқталған, 454 (2022 ж. – 345) іс бойынша әкімшілік жазалар қолданылған.
«Төрелік» АЖ арқылы кіріс және шығыс хат-хабарлары қазақ тілінде тіркелуде екен. Кіріс құжаттар 78,9%, шығыс құжаттар 91,4%, ішкі құжаттар 100% қазақ тілінде тіркелген.
Аудандық сотта бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жасау жүйелі жолға қойылғанын атап өтуіміз керек. 2023 жылы сот жұмысын насихаттау, сот жүйесінің беделі мен абыройын, ашықтығын халыққа кеңінен таныту мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 33 (2022 ж. - 31) мақала жарияланып, жергілікті мекемелер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен 3 (2022 ж. - 2) дөңгелек үстел өткізіліп, ауданның мемлекеттік мекемелеріне 14 (2022 ж. - 12) лекция оқылған. Аудандық сотта әр айдың соңғы жұма күні «Ашық есік» күні өткізілетіндігі туралы және Жоғарғы Соттың, Түркістан облыстық соты мен аудандық соттың сенім телефондары туралы жергілікті газет бетіне хабарлама жарияланып тұрады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік және Азаматтық-процестік кодекстері бойынша аудандық сот өндірісіндегі істердің процессуалдық қарау мерзімдері қатаң бақылауға алынған. Жеке қаулылар, ұйғарымдар бойынша 2023 жылы қылмыстық іс бойынша – 4 (2022 ж. - 1) жеке қаулы, әкімшілік істер бойынша 19 (2022 ж. - 13) жеке қаулы қабылданған.
Мұнан бөлек, аудандық сотқа түскен апелляциялық, жеке шағымдар, наразылықтар бойынша істер уақытылы жолдануда.
2023 жылы 21 қылмыстық, 45 азаматтық және 7 әкімшілік іс бойынша қабылданған сот актілеріне апелляциялық, жеке шағым, наразылықтар келіп түсуіне байланысты істер апелляциялық тәртіппен қарау үшін жолданған.
«Медиация туралы» Заңын насихаттау жұмыстарын жүргізу барысында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында ауданның мемлекеттік мекемелеріне 5 (2022 ж. - 2) мақала, 2 (2022 ж. - 3) лекция оқылған. Сот медиациясымен ағымдағы жылы 3 қылмыстық, 127 азаматтық, 19 әкімшілік іс аяқталған екен.
Брифинг соңында С.Ондыбаева алдағы уақытта да сот ісін жүргізуді әрі қарай жетілдіру, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру бағытында атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
Мадина ЕРАЛЫ.