Құзыры тау шыңдарынан жоғары тұратын әкелеріміздің орны бір бөлек. Адам баласының дүниеге келуіне себепкер болатын Алладан кейінгі әкенің орын ешкім баса алмайды. Әкеге деген құрмет бір сәт те толастамауы тиіс.
Таяуда осы мақсатта М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатында “Рухы биік әкелер – ұлт болашағын мәпелер!” тақырыбында аудандық ауқымды семинар ұйымдстырылды. Мектептің кіреберісінен Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы сынды тарихта аты алтынмен жазылып қалған әкелердің лебі сезілді. Сол кісілердің арнайы образын сомдап, шығармаларына кітап көрмесі ұйымдастырылыпты. «Менің тату отбасым» атты қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, шәкірттер өз қолдарынан шыққан бұйымдарды келген қонақтарға тәптіштеп айтып берді.
Әке мен баланың арасын жақындастыратын ол әрине әке мейірімі. Әкенің мейіріміне қанып өскен бала жаман әдеттерден, әдепсіз сөйлеуден аулақ болады деп жатамыз. Сол жақсы тәрбиені бере білетін әкелер балаларына бар мейірімін төгіп, үй жағдайында сабағына көмектесе отырып, қосымша спортқа баулып жатады. Спорт демекші, осында “Әкем бәрін жасай алады” тақырыбында әкелер мен балалар арасында қазақтың ұлттық ойындарына, басқа да спорт түрлеріне шолу жасалды. Тамыры тереңде жатқан асық ойыны, тоғызқұмалақ ойындарының тарихымен терең танысып, келген қонақтар да ойындарға қатыса кетті.
Семинардың екінші бөлігіндегі оқушылармен кездесуге ауданымыздың үлгілі әкелері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, “AMANAT” партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, Ақбала мөлтек ауданы бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұсахан Мархабаевтар қатысып, қоғамдағы әкенің орны мен баланың тәрбиесі жайлы тебірене сыр шертті.
Расымен, «бала көргенін істейді» демекші, отбасында жақсы сөз сөйлеп, жақсы амалдар жасап жүрген әкенің балалары жұртқа үлгі болары ақиқат. Бірақ қоғамымызда әлі күнге дейін қиын балалар саны өршіп бара жатыр. Белгісіз ажалды болып, өз өзіне қол салып жатқан балалар да аз емес. Осы орайда кез-келген тақырыпта балалармен ашық сөйлесуді алға тартып, аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрғали Әбілдаев балалармен тығыз қарым-қатынаста болуды сұрады.
Аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы “Әкелер мектебінің” басшысы Нұрғали Ыбырайым тақырыпқа тұздық ретінде өз ойларымен бөлісіп, өз заманында әкенің қабағынан қорқып, “әкең естімесін”, “әкеңе айтамын” деген сөздің өзіне тыйылатын шақтарды еске алды.
Келесі кезекте кітаптың құдіретіне көз жүгіртіп, Б.Момышұлының “Ұшқан ұя” повесі бойынша қонақтар арасында кішігірім сайыс өтті. Кітаптың әр бір беті отбасылық құндылықтан сыр шертетін, мән мен мағынаға толы болып, семинарға келген аяулы әжелеріміз бен қадірменді қонақтар белсенді қатысып, қазақтың қаймақтары жазып кеткен құндылықтарды тағы да бір рет дәріптеп алды.
Кезегі келгенде сурет салуға қабілетті дарынды балалар сахнада отбасы бақытының бейнелерін сала бастады. Бірінен бірі өтетін дарындылар бірі әкесіне арнап өлең арнап, бірі әкесі жайлы эсселерін оқып, қонақтарды елжіретіп жіберді.
Семинардың аяғында оқушылар тарапынан концерттік бағдарлама қойылып, шәкірттер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековтің ақ батасын алды. М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Баян Қанайбекова келген қонақтарға шын алғысын білдірді.
Мәдина Ералы.