Біздің аудан – аграрлы аудан. Дәл қазір аудан еңбеккерлері көктемгі егіске дайындықты пысықтап, көктем келісімен дән себуге даяр отыр. Алайда көптеген шаруалардың Үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді толықтай пайдаланбай жататыны жасырын емес. Аудандық мәслихат тарапынан ауыл округтерінде өткізілген жиындарда осындай жағдайлар анықталды.
Аудандық мәслихаттың ұйымдастыруымен 6-14 ақпан аралығында аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүталиевтің төрағалығымен әр ауылдан сайланған депутаттар, ауыл әкімдері және ауыл шаруашылық бөлім басшысы Талғат Әлімқұл мен «ҚазСуШар» және «Ырыс» несие қаржы орталығының өкілі Абай Тілеубаевтың қатысуымен ауданымыздағы барлық ауылдық округтерде жиын өтті. Сонымен бірге жиындарға ауыл округтеріндегі шаруа қожалық төрағалары мен егін және мал шаруашылық саласындағы кәсіпкерлер қатысты.
Мұндағы мақсат – аудан көлеміндегі шаруа қожалықтарына және жалпы егін шаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан отандық өнімді қолдау бойынша көрсетілетін субсидия жеңілдіктерінің жобасын түсіндіру, насихаттаудың барысын зерделеу, зерттеу.
Аталған жиындарда егін шаруашылығы үшін өте өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе жеңілдетілген дизельді жанар-жағармай мәселесі бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Шаруа қожалық басшылары, мал және егін шаруашылықтарына қадам басқан жеке кәсіпкерлердің басым көпшілігі дәнді дақылдар мен тыңайтқыштарға қаралған жеңілдіктерден хабарсыз екендерін жеткізді. Тиісті сала мамандары осы мәселеге орай түсінік беріп, ауыл шаруашылығына арналаған субсидия жеңілдіктерін қалай қолдануға болатынын түсіндірді. Уақытылы құжат жинап, тапсырыс беріп, мүмкіншілікті барынша қолдануға болатындығы айтылды. Егін және мал шаруашылығы саласында да жеңілдетілген субсидия алуға болатыны түсіндірілді. «ҚазСуШар» өкілі А.Тілеубаев ағын су мәселесі бойынша осы жылға тариф бағасы 1071 теңге болып бекітілгенін және «Ырыс» қаржыландыру орталығында жаңа бағдарлама бойынша жүріп тұрған, құжаты бар ескі «Белорусь» тракторларын 3 000 000 (үш миллион) теңгеге бағалап, жаңа «Белорусь» тракторын лизингке алуға болатынын хабарлады.
Аудандық мәслихаттың баспасөз қызметі.