Апта басында аудан әкімі Арман Қарсыбаев ардагерлер үйінде болды. Ардақты ақсақалдарымен кездесіп, үстел басына жиналған ардагерлермен ашық сұхбат құрды.
Арман Романұлы ақсақалдарға ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта жүзеге асатын маңызды жобалар мен жоспарларын таныстырды.
«Сіздер ауданымыз құрылғаннан бастап, аянбай еңбек етіп келе жатқан ел ағаларысыздар. Өздеріңізбен ақылдаса отырып, жұмыс істеу біздер үшін үлкен тәжірибе және мәртебе. Сондықтан әрбіріңіз айтқан ұсыныстар мен өтініштер мен үшін маңызды. Осы ауданның тумасы ретінде аудан үшін барымды салып жұмыс істеймін. Өйткені Шардара сіз бен біздің туған жеріміз. Сіздерден әрқашан тұщымды пікір мен ұсыныстар күтемін» – деді аудан әкімі.
Өрелі ой мен салмақты пікір айтылған кездесуде аудан әкімі мұндай отырыстардың маңыздылығын ерекше айтты. Кездесу барысында аудан басшысы аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіріп, үлкенді сыйлау, ардагерлерге қамқорлық көрсету – кейінгі ұрпақтың міндеті және парызы екенін атап өтті. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік мәселелері талқыланып, оның шешу жолдары бойынша өмірден түйгені мол ел ағаларының пікірін тыңдады. Зиялы қауым өкілдері мен қазыналы қариялар әкімнің ауданды басқарудағы жұмысына сәттілік тіледі.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.