Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жылдың жүзі болып отыр. Осынау даталы күнге орай елімізде кең көлемде түрлі шаралар өтуде. Сондай тағылымды шараның бірі күні кеше ауданымызда да аталып өтті.

15 ақпан күнi қаладағы “Балалар саябағындағы” Ауған соғысы ардагерлерiне арналып қойылған ескерткiш алдына аудан әкімдігі, Ауған соғысының ардагерлерi және әскери қызметкерлер жиналды. Ескерткiш алдында Ауған соғысында шейiт болған боздақтар еске алынып, 1 минуттық үнсiздiк жарияланып, гүл шоқтары қойылды.

Сондай-ақ, ардагерлер аудандық музейге барып, Ауған соғысы ардагерлеріне арналып ашылған арнайы бұрышпен танысып, өз естеліктерімен бөлісті.

Мерекелiк шара аудандық мәдениет сарайында Кеңес әскерлерi Ауған жерiнен шығарылғанына 35 жыл толуына орай “Ауғанның отты жалыны” атты салтанатты кешке ұласып, Ауған соғысы ардагерлерi ұлықталды.

Аудандық мәдениет сарайының алдында жастар қауымы кеш қаһармандарын мерекелiк көңiл-күймен күтiп алды. Салтанатты шара Мемлекеттiк Әнұранның шырқалуымен басталды. Алдымен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов құттықтау сөз сөйлеп, Ауған соғысының ардагерлерiне "Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл" мерекелiк медальдары мен аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.

Сонымен қатар, аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мырзахан Жұмалиев сөз сөйлеп, майдандағы естеліктермен бөлісіп, жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті. Бұдан кейін, бірқатар азаматтарды "Қазақстан патриоты" медалімен және "Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл" медалімен марапаттады. Аудандық қорғаныс істер бөлімі бастығының орынбасары Рысбек Нұрдаулет те сөз сөйлеп, ардагерлерге марапаттар тапсырды.

Шара барысында Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Мұхтар Оразбеков жайлы деректі фильм көрсетілді. Мерекелiк шара мәдениет сарайы өнерпаздарының концертiне ұласты. 

Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.