Елімізде 1 наурыз Алғыс айту күні деп жариялаған. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде еліміздегі өзге этнос өкілдері қиын кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.

Шардара ауданындағы Алғыс айту күні ерекше көңіл күйде, айырықша аталып өтті. Әуелі аудан әкімі осы аймақта тату-тәтті тұрып жатқан өзге этнос өкілдерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Қабылдауға келгендер қазақ халқына, дархан пейіліне, қонақжай мәрттігіне алғыстарын білдірді.

Іс-шараның жалғасы аудандық мәдениет сарайында аталып өтті. Мұнда Алғыс айту күні мен ауданымыздағы «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігінің» 10 жылдық мерейтойы қатар аталды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, қоғам қайраткері, өнер жанашыры Ислам Әбішев, қоғам қайраткері, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, аудандық мәслихат аппараты, зиялы қауым өкілдері, бірлестік мүшелері, жергілікті ақындар, өнер майталмандары қатысты.

Мерекелік іс-шарада аудандық кітапхананың ұйытқы болуымен «Шежірелі өлке шайырлары» кітап көрмесімен бастау алды. Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев көпшілікті аудан әкімінің атынан құттықтап, бақ-береке тіледі. Аталған бірлестіктің 10 жылдығына орай ұйым мүшелері – Қасқыр Серікбаев, Нұрғали Ыбырайым, Жарылқасын Ізбайқызы, Тұрғанбек Қанаев,  Нұрмахан Қары, Әбдіғаппар Айдаров, Сәбит Лахановтарға аудан басшысы атынан Алғыс хат табыстады. Мұнан соң сөз алған аудандық мәслихат аппаратының басшысы Р.Бекмұратов та жұртшылықты мерекемен құттықтап, аудандық мәслихат төрағасы атынан ақындар – Хамит Жұмабеков, Жанәділ Сейдан, Ажар Сламова, Қанат Дауылбаев, Ғайболла Бектөреев, Бекжұма Нарбайларға Алғыс хаттар табыс етті. «Аманат» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Е.Бекет те құттықтау сөз сөйлеп, елге ынтымақ-бірлік тіледі. Сонымен бірге шығармашылық жолда және партия жұмыстарында белсенділік танытып жүрген Жүсіпбек Тілеубергенов, Аманғали Ниязов, Сәкен Бегманов, Роза Шығанақоваларды Алғыс хаттармен марапатталды.

Жиында сөз алған ақын Қазыбек Иса, Ислам Әбішевтер елге, туған жерге арнайы тағзым етіп, алғыс айту үшін келгендерін атап өтті. Ақын ағамыз өз есімімен аталатын бірлестік мүшелеріне ризашылық білдіріп, жемісті еңбек етіп жүрген қалам иелерін, атап айтқанда, Қасқыр Серікбаев, Нұрғали Ыбырайым, Жарылқасын Ізбайқызы, Әкім Мұсақұл, Әбдіғаппар Айдаров, Сәбит Лахановтарды «Ақ жол» партиясы атынан «Қазақ Республикасына 100 жыл» мерекелік алтын медалімен марапаттады. Ақын ағамыз осындағы руханияттың  табыстарына бірлестік мүшелерінің де зор үлесі бар екенін жеткізді.

Жиын соңында мектеп оқушылары ақындарымыздың жырларын жатқа оқып, аудан өнерпаздары жергілікті ақындардың сөздеріне жазылған әндерді орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Өз тілшімізден.