Құрметті шардаралықтар!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын!
Күн мен түн теңескен Наурыз-жаңару, жасару айы. Тәуелсіздіктің келуімен елімізде Наурыз мерекесі жаңаша тойлана бастады. Ертеректе ата бабаларымыз жыл басын наурыз айынан бастаған. Оның өзіндік жөні де бар, өйткені, өзінің тұрмыс-тіршілігін табиғатпен, жыл мезгілдерімен етене байланыстырған халқымыз Ұлыстың ұлы күнін асыға күткен.
Наурыз – жыл басы ғана емес, бұл ең алдымен ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Наурыз – рухани тазару мен үйлесімнің, бейбітшілік пен берекенің символы.
Ұлыстын ұлы күнінде адамдар бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, кешірімге келіп, татуласқан. Мол дастарқан басында ақжарқын көңілмен жүздесіп, жеті түрлі дәмнен тұратын наурыз көжеден дәм татқан. Шуақты мерекеде тал көшеттері егіліп, бұлақ көзі ашылатын болған. Көктемнің жаңару күнінде айнала тазартылып, топыраққа дән түскен.
Наурыз айының 21-інен 22-сіне қараған күн мен түннің теңесер тұсындағы ежелгі мейрам халқымыздың салтындағы қонақжайлылықты, ынтымақтастық пен береке-бірлікті көрсетеді.
Ұлыстың ұлы күні елдік, бірлік, берекелік, сипатын былай қойғанда, оның құндылығы сол – адамзатты инабаттылыққа, адамгершілікке, иманжүзділікке, ізгілікке баулиды.
Құрметті жерлестер!
Жыл басы – Наурыз мерекесі құтты болсын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын. Жаңа жыл әрбіріңіздің отбасыларыңызға құт-береке, жақсылық, молшылық әкелсін.
Құрметпен,
Аудан әкімі А.Қарсыбаев
Аудандық мәслихат төрағасы Б.Мүтәлиев