Рамазан айындағы ең сауапты амалдардың бірі – ораза ұстаушыға ауызашар беру. Ауызашар беру – сауабы мол амал. Пайғамбарымыз: «Ораза ұстаушыны тамақтандырған адам (ауызашар берген) оның сауабын алады. Әрі оған ораза ұстаушының сауабы еш кемітілмей беріледі» деп сүйіншілеген.
Ауыз аштырудың төрт түрлі сауабы барын айтуға болады. Олар:
1)Ораза ұстаушының сауабы беріледі.
2) Күнәлары кешіріледі.
3)Рамазан айы бойына періштелер ауыз аштырған кісіге Алладан жарылқау тілеп тұрады.
4)Тозақ отынан азат болады.
Рамазан айы келісімен көбіміз ауызашар беруге асығамыз. Өткен аптада, қасиетті Рамазан айының жұмасында, күн мен түн теңелген Ұлыстың ұлы күнінде аудан әкімі Арман Қарсыбаев Шардара аудандық орталық мешітінде 200 адамға ауызашар берді. Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік аз қамтылған 30 отбасына аудан әкімінің атынан азық-түлік үлестірілді.
Ауызашарда аудандық орталық мешіттің бас имамы Марат Асанов құран оқып, қасиетті айдың мән-мағынасы бойынша насихат айтты. Сондай-ақ, осынау ауызашарды ұйымдастырып, қайырымдылық шарасын жасаған аудан басшысына көптің атынан алғысын білдірді.
Өз тілшімізден.