Кешегі аптада аудандық мәслихаттың мәжіліс залында фракция отырысы өтті. Жиынға «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Е.Бекет, аудандық мәслихаттағы аталған партияның 10 депутаты, фракция мүшелері, мекеме басшылары қатысты. Жиынға фракция жетекшісі Талғат Жалғасбаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Фракция отырысының күн тәртібінде Шардара ауданы аумағында су тасқынының алдын алу және заң жобаларын талқылап, ұсыныс беру туралы мәселе қаралды.
Жиында сөз алған аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абай Сәтбаев өз хабарламасында көктемгі мезгілде су тасқынының алдын алуға дайындық жұмыстарын және аудандағы тиісті мекемелердің атқаратын жұмыстарында орын алған бірқатар кемшілік тұстарын айта келе, кемшілікті тез арада реттке келтірулерін ескертіп өтті.
Келесі кезекте аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Абылай Маханов аудандағы Қызылқұм канал магистралы бойында жатқан қашыртқы каналдардың арнасын, суармалы жерлердегі арық-атыздардың қазіргі кездегі жағдайлары бойынша хабарлама жасады. Кейбір каналдардың жекеменшікте болуына байланысты каналдың толық тазаламай қалып жатқандығы жайлы хабарлады.
Шардара қаласы бойынша су тасқынының алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Шардара қаласы әкімінің орынбасары Бөгенбай Сүйет Бөкенбай атқарылып жатқан дайындық жұмыстарының есебін берді.
Жиынды қорытындылаған фракция жетекшісі Т.Жалғасбаев жауапты мекеме басшыларына әлі де болса кезек күттірмейтін шаруалардың бар екендігін және төтенше жағдайлардың айтып келмейтіндігін ескертіп, осы мәселені әрдайым бақылауда болуын тапсырды.
Өз тілшімізден.