«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, Шардара қаласының әкімі Олжас Айдосов қаладағы Абай, Ақбала, Қызылжар, Майқала, Мелдеби, Қанай Датқа, Төменгі тоғай, Өтеғұл, Бекет шағын аудандарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Екі күнге ұласқан есепті жиындарға қоғамдастық мүшелері мен қала тұрғындары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Қала әкімі тұрғындармен кездесуде 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы есеп берді. Атап айтқанда, аудан орталығынан салынып жатқан екі «Жайлы мектеп» туралы айта келіп, ондағы құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылып жатқанын жеткізді. Қала тұрғындарының көптен бері көкейінде жүрген ауыз су мәселесінің биылғы жылы үкіметтен оңды шешім тауып, Тама-Тастанбек су қорын қалыпқа келтіріп, қалаға тарту көзделіп отырғандығын жеткізді. Ауыз су мәселесінің жуық арада шешілетінін жеткізген әкім, осы сынды көкейтесті сұрақтарға, мысалы қала ішіндегі жарық шамдарының істен шыққан жерлерін қалпына келтіру, көктем мезгілінде темір-бетон арықшаларды тазалау жұмыстарының қарқынды өтіп жатқанын жеткізді. Мұнан өзге абаттандыру, жол салу, асфальт төсеу, саябақтарды таза ұстау, жарықтандыру секілді мәселелер айтылды.

Тұрғындар тарапынан өткір мәселелер көтеріліп, сауалдар жолданды. Әрбір сауал мен ұсынысқа нақты жауап берген қала әкімі жергілікті деңгейде шешілетін мәселелерді кешіктірмеуге уәде етті. 

Мадина Ералы.