Апта барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев Шардара қаласындағы индустриалды аймақта орналасқан «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауытына барып, құрылтайшысы Зәкіржан Кузиевпен кездесті. Кездесу кезінде жүгері зауытының құрылысын, алдағы жұмысы мен жоспарларын талқылады. Зауыт басшылығы аудан әкімдігімен бірлесе жұмыс жасап, өндіріс орнын тездетіп ашуға ниетті екенін білдірді.
Айта кетсек, «Казкрахмал» ЖШС компаниясының Шардарада салып жатқан жүгері өңдеу зауыты жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдейді. Онда 550 жұмыс орны ашылу көзделген.
Аудандағы индустриалды аймақта орналасқан ірі өндіріс орнының құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда жүгеріні сақтау және кептіру кешенінің құрылысы аяқталды.
Екінші кезеңде жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы толық іске қосу жоспарланған.
35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі шығарылмақ. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді.
Зауыт түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін, мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығарады. Ал сірне – осы крахмалдан алынатын қою шәрбәт тәрізді тәтті өнім. Зауыт бұдан бөлек крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны шығарады. Глюкоза алынатын шикізат тағы сол – крахмал.
Айту кете керек, зауыт глюкоза балшырынын өндіру кезінде генетикалық түрлендірілген шикізатты қолданбайды, бұдан тыс жүгеріні қалдықсыз қайта өңдеу циклын жолға қойған.
Кристалдық глюкоза таза, тəтті, әрі тез сіңетін жоғары сапалы тамақ өнімі. Кондитерлік нан-тоқаш өнімдерін, жеміс консервілерін, қоюлатылған сүт, балмұздақ жəне өзге де аспаздық өнімдерді шығару үшін осы глюкоза пайдаланылады.
Жеке кәсіпкер өнімдерін сыртқы нарыққа да шығаруға ниетті. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отыратындығын жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.