ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Еліміздің түкпір-түкпірінде өңір басшыларының халықпен кездесулері басталды. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2024 жылғы 19 сәуірде Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Шардара ауданын дамыту жұмыстары туралы кеңінен айтып берді.
– Президентіміз жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Оның ең бастылары – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Шардара ауданында 2023 жылы 4 елді мекенде 1,2 млрд. теңгеге 21 жоба жүзеге асырылды, биыл 4 елді мекенде 629 млн. теңгеге 5 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бүгін «Тұрар» шаруа қожалығында болып, суды үнемдеу технологиясын енгізіп, тамшылатып суару әдісімен өнім алып отырғандығын көрдік. Бұл тәжірибені басқа да шаруашылықтарға енгізуді ұсынамын.
Мемлекет басшысы орта білім беру мекемелерін сапалы жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған. Облыста 330 орта білім ұйымын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің туындысы – «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 317 мектепте орнатылды. Оның ішінде Шардара ауданында 8 мектеп толық іске қосылды.
Осы айда Президентіміздің бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Акция аясында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстары қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар менің күнделікті бақылауымда. Осы кездесуді пайдаланып, Сіздерді ең алдымен өздеріңіз тұратын ауланы, көшені таза ұстауға, үйлеріңіздің сыртқы келбетін ретке келтіруге, қоқыстарды ретсіз тастамауға, ағаш егуге шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Шардара ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталған облыс әкімі 2023 жылы өсім байқалғанын атап өтті. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдан бері 2 есеге өсіп, былтыр 113 млрд. теңгеге жетті. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 13,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға өскен.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 9 пайызға өсіп, 2023 жылы 11 мыңға жуықтады.
– Сонымен қатар бүгін біз кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтуымыз керек. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығының өнім көлемі 2023 жылы 66,8 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі тиісті басқармамен бекітілген жоспардан 8 пайызға кем орындалған. Жеңіл өнеркәсіп өнімі 2022 жылмен салыстырғанда 490 млн. теңгеге төмендеген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін де арттыру керек. Осы салаларда жұмыстарды күшейткеніміз жөн, – деген облыс әкімі тұрғындарға сұрақтарын еркін қойып, ұсыныстарын жеткізуді сұрады.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың ауданда 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалған соң тұрғындардың сұрақтарына кезек берілді.
Кездесуде шардаралықтар инфра-құрылым, ауыз су, кәсіпкерлікті қолдау, жеңілдетілген несие беру, субсидия беру және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініштерін айтты.
Облыс әкімі әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Сонымен бірге аудандағы өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу бойынша аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Атап айтсақ, ауыз су мәселесін шешу үшін облыстық энергетика басқармасы тарапынан республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті құжаттар ұсынылған. Ақшеңгелді және Достық ауылдық округтеріндегі жеке меншікке өтіп кеткен 8 каналды тазалау, сатып алу мәселесі талқыланып, тапсырмалар берілді. Шардара ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 1517 мұқтаж азаматты, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көпбалалы 502 отбасыны үймен қамтамасыз ету мақсатында 2023-2026 жылдары жалпы 570 пәтер сатып алу көзделген. 2023 жылы 960 млн. теңге қаралып, 100 пәтер сатып алынды. 2024 жылы – 120 пәтер, 2025 жылы – 150 пәтер, 2026 жылы 200 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша аудандағы индустриалды аймақты кеңейтіп, инвесторларды тарту, балық шаруашылығы мен туризм саласын дамыту бойынша да нақты міндет жүктелді.
ТҮРІК ИНВЕСТОРЛАРЫ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЕНДІРУГЕ АТСАЛЫСПАҚ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарын аралады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктер туралы айтты. Ауданда тамшылатып суару әдісін пайдаланып, жүгері егуге ниет білдірген түрік инвесторларымен кездесті. Облыс әкімі инвесторлармен зауыт ашу мәселесін талқылады. Мемлекеттен қолдау болатынын айтып, Түркия елінен келген кәсіпкерлерге негізгі талаптарды түсіндірді.
– Бізге ең керегі - халықты үйрету. Жаңа кәсіпті дамытудың жолдарын, оның қыр-сырын жергілікті түрғындарға үйрету керек. Жаңа кәсіп бастауға Түркістан өңірінің әлеуеті мол. Зауытты Түркістанда ашуды ұсынамын. Қолдау болады. Өңірде су үнемдеуден технологияларын ендіру жұмыстарына күш салынған. Шаруаларға қолдау көрсетіледі, – деді өңір басшысы.
Аймақ басшысы Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығында болып, қожалықтың тамшылатып суару әдісін пайдалану бойынша жұмысымен танысты. Егістік алқабы 286,5 гектарды құрайды. Биыл шаруа пияз және бақша дақылдарын еккен. Шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісі арқылы өнімдерін өсіруде.
Дархан Сатыбалды Шардара қаласындағы «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасында болды. Киім-кешек, көрпе-төсек, аяқ-киім, әскери киім, мектеп киім үлгісі, арнайы киімдер тігіп шығаратын цехта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл жобаға кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен 200 млн теңге инвестиция тартылған. Кәсіп иесі Бақтыкерей Омар мемлекеттік қолдау арқылы жылына өндіретін өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.
Кәсіпкерлермен кездескен өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды күшейтуді тапсырды.
ТҰҚЫМБАҚТА 2 МИЛЛИОН ТҮПТЕН АСА ӘРТҮРЛІ КӨШЕТ ӨСІРІЛУДЕ
Түркістан облысында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қарқынды. Облыс әкімінің тарапынан өзге елдердің тәжірибесін пайдалана отырып, облыс аумағында заманауи тұқымбақ ашу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына қарасты Ұзыната ауылдық округінде орналасқан тұрақты тұқымбаққа арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. 15 гектар тәлімбақта 2 млн 300 түп көшет өндірілуде. Басқармаға қарасты Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеде ауданға бейімделген қарағаш, қаратал, шаған, үйеңкі, туя, айлант көшеттері өсірілуде. Оларды 10-ға жуық мамандар тұрақты түрде күтіп баптау жұмыстарын жүргізуде.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұқымбақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Шардара ауданындағы жасыл аймақты дамыту үшін ең алдымен аудан көшелеріндегі ағаштарға түгендеу жұмыстарын жүргізіп, жасыл белдеуді ұлғайту мен көгалдандыруды күшейтуді тапсырды.
Жауапты мекеме басшысы өңір басшысына көшеттердің жерсінуі және көнімділігі ойдағыдай екенін атап өтті.
Дархан Сатыбалды аталған саладағы жұмыстарды қадағалап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Тұрақты суғару, күтім жасау қажеттігін айтып, бұл жұмыстар тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Содан соң өңір басшысы Дархан Сатыбалды «Шебер» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің Шардара ауданы, Алатау батыр ауылдық округіндегі кезекті тігін фабрикасына барды. Кәсіпкер Омар Әсен-ұлының жеке инвестициясы есебінен 350 млн. теңге тартылған. Аталмыш фабрикада бүгінде 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жергілікті мекемелермен қатар еліміздің көптеген облыстарын аяқкиім, киім-кешек, көрпе-төсек, мектеп киім үлгісі, әскери киім және тапсырысқа сәйкес кез келген киіммен қамтамасыз етіп отырған шеберхана.
Жұмыскерлер 80-200 мың теңге аралығында айлық алады. Негізінен тапсырыс берушілер – ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Мұнай компаниялары.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпорындардың санын арттыру керектігін айтып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру қажеттігін тапсырды.
1000 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР
Шардара ауданында ағын су жүйелерін жаңғыртып жатыр. Арық-атыздарды тазарту жұмыстарына облыстық әкімдікке қарасты мекеме жауапты. Шардара ауданындағы су жүйелері соңғы рет жарты ғасыр бұрын тазаланыпты. Арық-атыздардың табаны лай бақпаққа толып қалған.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына іссапарында Көксу ауылдық округінің шаруаларымен кездесті. Әкім 10-ға жуық ауыл орналасқан бұл аумақтағы
коммуналдық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау жұмыстарын қадағалады. Бұл каналда 30 жылдан астам уақыттан бері алғаш реш тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Шаруалар су жүйелерінің тазаланғанына дән риза. Облыс әкімі жергілікті шаруалармен кездесіп, ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындары жылдар бойы қараусыз қалған су арналарының өткен жылдан бері тазаланып жатқанына алғыстарын айтты.
Тазалау жұмыстары бітсе, жердің құнарлығы артады. Көксу ауылында 500 гектардай жер іске қосылады. Жердің құнары артады. Өнімді де мол алуға болады.
Бүгінде ауданда қашыртқыларды механикалық тазалаудан бөлек, каналдарды күрделі жөндеуден өткізу, тік дренаждарды қайта құрылымдау жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Оған облыстық бюджеттен 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Айта кетейік, Шардарадағы аталған ауылда 235 шақырым қашыртқыны тазалау жоспарланған. Ол жұмыстарды «Тұран су» ШЖҚ МКК бастап кеткен.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен 2023 жылы Түркістан облысындағы су нысандарын қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 4 млрд.теңге бөлінген. Оның ішінде ұзындығы 70 шақырым болатын 10 каналда күрделі жөндеуден өтеді. 18 шқ. құрайтын 6 қашыртқы толық қайта қалпына келтіріліп, үшеуіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде 12 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі және милиоративтік жағдайы жақсарады.
2024 жылға ұзындығы 63 шқ. болатын 11 канал күрделі жөндеуден өтеді. Ұзындығы 488 шақырым су арналары механикалық тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы Шардара ауданында 959 шақырым су арналарын механикалық тазалау жоспарланған.
Олардың дені мүлде тазалау көрмеген. Салдарынан егістік жердегі жер асты сулары дұрыс шайылмай, сор басып жарамсыз күйге түскен. Мыңдаған гектар суармалы жер қолданыстан шығып қалған.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран су» ШЖҚ МКК бүгінде өңірде ағын су мәселесін шешуде маңызды рөл атқарып келеді. Арнайы техникалар алынып, жаңа ғимараты бой көтерді. «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның балансында 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистральдық канал және 103 ішкі шаруашылық аралық канал бар.
«Тұран су» МКК тиімділігі басқа жеке ұйымдарға қарағанда 2 есе жоғары. Өңірдегі арықтар мен каналдарды тазалауда аталған мекеменің үлесі мол.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.