Қадірлі жерлестер! 

Мамыр айында аталып өтетін Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекелерінің маңызы біздер үшін қашан да қымбат та ерекше  болып саналады. Өйткені тәуелсіздік алған тұстардан бері едәуір уақыт аталып келе жатқан Отан қорғаушылар күні стратегиялық тұрғыда орны басым мереке.

Өйткені еліміз егемендік алғаннан кейін тәуелсіздік туын көтергелі бері  7 мамыр – Отан қоғаушылар күні болып белгіленді. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы ең бірінші айбынды әскеріміздің арқасы және оның қуаттылығының нәтижесі. Себебі, қуатты әскер мен шегендеулі шекарамыз ел тыныштығының кепілі. Қолына қару алып, Отан күзетінде тұрған сарбаздарымызға зор міндет жүктеледі. Мынау аласапыран заманда адамға ең бірінші керегі татулық пен тыныштық екеніне бүгінде бәріміздің көзіміз жетіп отыр. Ал осы бағыттарда мызғымас әскер әлеуеті өте маңызды рөл атқарады. Әскери қызметшілеріміздің қырағылығы мен біліктілігі осындай бейбіт өмірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ұлан ғайыр даламызды ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен қорғап келген батыр бабаларымыздың ізін лайықты жалғастырып келе жатқан бүгінгі қаһарман ұрпақтарымызбен мақтанамыз және оларды ұдайы түрде көтермелеп, дәріптейміз.

9 мамырда Ұлы Жеңіске 79 жыл толады.  Фашистік Германияға қарсы соғысқан одақтас елдер ішінде Қазақстан да батылдықпен күресе білді.  Майдан даласында алдыңғы шепте ерлікпен соғысқан ерлеріміз бен тылда сол жауынгерлердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бар күшін салған қараша халықтың еңбегі орасан. Ұлы Отан соғысында біздің жерлестеріміз де ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Қазіргі таңда қайта зерттеп, түгендеудің нәтижесінде Шардара ауданы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың саны 800-ден асып жығылады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда майдангер аға-апалардан ешкім қалған жоқ. Бірақ олардың өшпес рухы бүгінгі және кейінгі буынға елжандылық тұрғысында әсер ете берері анық.

Майдан даласындағы сарбаздарды оқ-дәрімен, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтуда тыл еңбеккерлерінің еңбегі орасан болды. Олар уақытпен санаспай еңбек етті және өздерінің жанқиярлық бейнетін туған Отанына арнады. Әлі бұғанасы бекіп үлгермеген қаршадай балалар үлкендермен бірдей қара жұмыс атқарды, уақытпен санаспай мерзімінен бұрын есейді. Бүгінде жастары жүзге таяп, көбінен азы қалып  отырған ақсақалдарымыз бен әжелеріміздің барлығы да соғыс кезінде соқамен жер жыртып, егін еккен, мал баққан, шахтада кен қазған азаматтар болып табылады.

Биылғы  мерекеге ауданымыз бойынша 22 тыл ардагері  мен 5 Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің зайыбы аман-есен жетіп отыр. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысына қатысушыларына теңестірілгендердің саны-16.  Жеңіс күнін жақындатқан тыл ардагерлеріне деген қамқорлықтар жоспарлы түрде жалғасын таба беретін болады. 

Бүгінгідей айтулы мереке күні Шардара аудандық Ардагерлер кеңесі және аудан ардагерлері  барша тыл еңбеккерлеріне, майданда қан төккен сарбаздардың жұбайларына, Тәуелсіз Қазақстанымыздың Отан қорғау сапында қызмет етіп жүрген сарбаздарға зор денсаулық, шаңырақтарына бақ пен береке тілеймін!

Тоқсанбай БЕРДІБЕКОВ, Түркістан облысының Құрметті азаматы,  аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.