Аптаның сәрсенбісінде аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық мәслихат төрағасы Б.Мүтәлиев, кеңес мүшелері мен ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы қызметкерлері қатысты. Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Нұрпейісов жүргізіп отырды.

Мәжілістің күн тәртібінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің егін және мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулар бойынша атқарылып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары талқыланды. Бұл мәселе бойынша бөлім басшысы Т.Әлімқұл толыққанды хабарлама жасады.

–Ауданда ағымдағы жылы 57 800 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Көктемгі егіс әлі жалғасуда.

Биыл мақталы алқапты 4843 гектарға азайтып, орнына мал азығы, дәнді дақылдар егуді жоспарлап отырмыз. 1500 гектарға тамшылатып суару, 150 гектарға жаңбырлатып суару әдісін ендіреміз.

Ауыл шаруашылығы техникаларының 99,5 пайызы көктемгі дала жұмыстарына дайын.

Көктемгі дала жұмыстары үшін берілетін жанармай бойынша, минералды тыңайтқыштар бойынша кедергі жоқ.

Осы уақытқа дейін шаруаларға «Оңтүстік» АИО арқылы 1,4 млрд, мақта компаниялары арқылы 1,3 млрд, «Ырыс» МҚҰ арқылы 511 млн теңге бөлінді, – деген Т.Әлімқұл алдағы уақыттары атқарылар жұмыстарға да шолу жасап өтті.

Мұнан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринариялық қызмет» МКК Шардара аудандық филиалының басшысы Б.Мыңбатыров аталған сала бойынша атқарылған жұмыстарын баяндады. Орман шаруашылығы мен «Қазсушар» РМК Шардара өндірістік бөлімшесінің жауапты қызметкерлері өз салаларында атқарылған жұмыстарды хабарлады.

Хабарламашылардың сөзінен соң кеңес мүшелері көкейдегі сауалдарын жолдап, түйінді деген мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды.

Өз тілшімізден.