Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты Қазақстан халқына Жолдауында Тәуелсіздіктің қастерлі де, киелі ұғым екендігін, тәуелсіздіктің баянды болуы үшін ұлттық бірегейлік пен бірліктің маңыздылығын жастарға түсіндіру қажеттілігін нақты баяндаған болатын. Осы мақсатта ауданымызда біршама жұмыстар атқарылуда.
Ауданымызда ұлттық спорт пен өнерді дамыту мақсатында былтыр аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жанынан «Шардара аудандық ұлттық спорт және өнер клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылған болатын. Аталған клубтың ашылуына сол кезде аудандық мәслихат хатшысы болған, қазіргі таңда ауданның тізгінін ұстап отырған атақты балуан, қол күресі спортының негізін қалаушы, аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының зор еңбегі сіңді. А.Романұлының ізбасарлары жарқын істерді жалғастырып келеді. Бұл мекемені Нұрхалықов Сейфулла Нышанбайұлы басқаруда.
«Ұлттық спорт және өнер клубында қазіргі таңда домбыра, гитара сыныптары жұмыс істейді. Сыныптарға тәжірибелі мамандар жетекшілік етеді. Атап айтқанда, домбырадан мамандығына сай тәжірибелі домбырашылар – Қанжігітова Ұлдар, Байбақова Кенжеқыз, Сатбаев Нұрлан және гитара сыныбының үздік мұғалімі Пірназаров Мүбаширхан жасөспірімдерге, жастарға сабақ үйретуде.
Сыныптардың барлығы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Ансамбльге 12 домбыра, 6 гитара берілген. Жоспар бойынша 1 маусым күні би сыныбы және би алаңы ашылады. Осылайша спортпен қатар өнеріміз де қанатын жаюда» – дейді «Шардара аудандық ұлттық спорт және өнер клубы” КММ-нің директоры С.Нұрхалықов.
Өнер жолында бір жылдағы жетістіктеріміз аз емес. Жақында 4-5 мамыр күндері Алматы қаласында «Ғұмырдария» шығармашылық орталығы ұйымдастырған «Ғұмырдария» атты балалар мен жасөспірімдер және жастар арасындағы халықаралық ән-би, жыр-күй, өнер байқауына оқушыларымыз онлайн форматта қатысқан болатын. Аспапта ойнау жанрында домбыра аспабынан 8 оқушы, гитара аспабынан 4 оқушы қатысты. Нәтижесінде сайысқа қатысқан оқушылардың барлығы жүлделі орындарға ие болды. М.Горький атындағы ЖОМ-ның 11-сынып оқушысы Барашкин Данил Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен жүлделі орынға ие болды. Оның сыныптасы Романов Егор Шәмшінің «Арыс жағасында» әнімен 2 орынға ие болды. Тағы да М.Горький атындағы ЖОМ-ның 5 сынып оқушысы Тригубова Дарья 2 орынды иемденді. №1 М.Әуезов атындағы ЖОМ-ның 11-сынып оқушысы Бейсенбаев Нұржан гитарада шебер ойнап, 1 орынға ие болды. Домбырадан Сұлтанхан Бірғаным халық күйі «Тепең көкті» орындап, Ермахан Айша «Келіншек» күйін орындап, жүлделі 2 орынға ие болды. Домбырашылар ансамблі жүлделі 1 орынды иеленді. Жүлделі шәкірттерімізге арнайы медальдар, дипломдар және естелікке сыйлақтар табысталды.
Жуырда мекеме басшысы С.Нұрхалықов жүлделі болған оқушыларымызға ізгі ниетін білдіріп, өнер жолында шығармашылық табыстар тіледі. Сонымен қатар "Шардара аудандық ұлттық спорт және өнер клубы" мекемесінің атынан арнайы мақтау қағазымен марапаттады.
Мөлдір Пазылбек, «Ұлттық спорт және өнер клубы» КММ-нің хатшысы.