Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен, Қазақстан шахмат федерациясының қолға алуымен, 2024 жылғы сәуір-тамыз айлары аралығында еліміздің барлық өңірлерінде «SENAT OPEN» шахмат турнирі өтуде.

Түркістан облысындағы іріктеу турнирі 16 мамыр күні облыс орталығындағы «Конгресс холл» кешенінде ұйымдастырылды.

Турнирге облыстық мәслихаттың төрағасы Н.Әбішов, Шахмат федерациясының президенті А.Бабенко, облыстық әкімдіктің аппарат басшысы Е.Әлімқұлов және облыстық, қала, аудан мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жалпы саны 100-ден аса қатысушы жиналған, 17 командадан құралған іс-шараның рухани астанада өтуіне, Түркістан облыстық мәслихатының құрылғанына 30 жыл толуы бастама болды.

Шахмат мәдениетін дамытудағы маңызды қадамға айналған жарысты, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов құттықтау сөз сөйлеп, ашып берді.

– Биыл Қазақстан мәслихатының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл шахмат ойыны осы айтулы датаға орайластырылған іс-шаралардың алғашқысы. Осыдан кейін де облыстық мәслихаттың ұйымдастыруымен спорттық, мәдени шаралар өткізілетін болады. Бүгінгі ашық турнирге қызығушылық танытқан барлық өңір тұрғындары, депутаттар қатысуда. Бұл бастаманы өткізудегі негізгі мақсат – ақыл, ойдың символына айналған спортты бүкіл халық арасында дамыту, кеңінен насихаттау. Ойын қызықты әрі тартысты өтеді деп сенемін. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Н.Әлмаханұлы.

Аталған турнирге қатысқан шардаралық шахматшыларды аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Мүтәлиев бастап барды. Ойыншылар таңнан кешке дейін 9 ойын өткеріп, өзара мықтыны анықтады. Шардаралықтардың құрамында қоғам белсендісі Аманжол Ысқақов, аудандық мәслихат депутаттары – Ержан Қарабаев, Дархан Дүйсенов, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов, Ұзын ата ауылының тұрғындары – Нұрахмет Байжан, Төлжан Ағайдаровтар өнер көрсетті. Жерлестеріміз жалпы 28,5 ұпай жинап, командалық есепте 17 команданың ішінде үшінші орынға ие болды. Жекелеген ойыншылар арасында 7,5 ұпай жинаған А.Ысқақов пен 6 ұпай жинаған Н.Байжан маусым айында өтетін жартылай финалдық ойындарға жолдама алды.

– Бүгінгі ойын өте жоғары дәрежеде өтті. Біздің команда ойыншылары жарысқа алғаш қатысып отырғандарына қарамастан өте нәтижелі ойын көрсетті. Мұндай шаралар ауданымызда да ұйымдастырылатын болады, – дейді аудандық мәслихат төрағасы Б.Мүтәлиев.

Жартылай финалға жолдама алған жерлестерімізге сәттілік тілейміз.

"Өскен өңір" ақпарат.