Соңғы кездері ауданымызда шығармашылық адамдарымен түрлі кездесулер өтіп, олардың шығармалары кеңінен насихатталуда. Өнерсүйер қауым да рухани байлық арттырып, ұйымдастырушыларға ризашылық білдіріп жүр. Күні кеше «Шардара» мектеп-лицейінде осындай мәнді де мағыналы кездесу өтті. Білім ордасында аудандық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен жергілікті ақын, «Өскен өңір» газетінің директор-бас редакторы, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы, ақын Сәбит Лахановпен оқушылар арасында «Ақын әлемінің әсем үні» атты жыр кеші өтті. Жыр кешіне кітапхана ұжымы, мектеп ұжымы, оқушылар мен жырсүйер қауым қатысты.

Ақынның жыр кешіне кітапхана ұжымы тыңғылықты дайындалыпты. Кездесудің негізгі мақсатын айтып өткен соң ақынның өміржолы жайлы бейнефильм көрсетілді. Кешті жүргізуші кітапхана қызметкері Жадыра Райымбекова ақынмен сұрақ-жауап өрбітіп, кездесудің маңызын арттыра білді. Әдебиетке қызығушылығы мол бір  топ мектеп оқушылар ақын жырларын жатқа оқыса, Інжу Максим мен Нұрислам Мансұр сазгер Ахмет Молдағұловтың (сөзі С.Лахановтікі) «Кел, досым Шардараға» әнін, ақынның қызы Қасиет Лахан «Туған ел» әнін (әні А.Молдағұловтікі, сөзі С.Лахановтікі) нақышына келтіре орындап, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. Сөз кезегін алған ақын оқырмандар алдында арқалана жыр оқып, шабыттана сөйледі.

Кеш соңында  «Шардара» мектеп-лицейінің директоры Жанат Сапаров пен аудандық кітапхана директоры Ғайша Төребаевалар сөз алып, ақынға шығармашылық табыс тілеп, иығына оқалы шапан жапты, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Жаныңды жадыратар осындай жырлар кеші, рухани жан-дүниемізді байытар сырлар кеші алдағы уақыттары да жалғасын табатындығына сенімдіміз. 

Мадина ЕРАЛЫ.