Қазақстан Республикасының Су ресурстары жене ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Түркістан облысына іссапары барысында Шардара ауданына да арнайы ат басын бұрды. Вице-министр өз кезегінде аудандағы бірнеше нысандарды аралады.
Вице-министр аудандағы Шардара су қоймасы бөгетінің сейсмотұрақтылығын арттыру және реконструкциялау, сондай-ақ, «Шардара ауданында 302 дана тік дренажды ұңғымаларды қалпына келтіру» жобасын қарап, жауапты мамандармен жұмыс барысын талқылады. Салаға тікелей жауапты «Қазсушар» РМК бас директоры Бақытжан Кемелбеков құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың жұмыс барысындағы және құжаттамалық мәселелерін көтерді.
Сондай-ақ, аудан әкімі Арман Қарсыбаев жергілікті әкімдік тарапынан бақылау жасалып жатқанын жеткізді.
Аралау барысында Е.Ибрайханов жұмыс жүргізіп жатқан мердігерлер мен салаға жауапты басшыларға жұмысты ширатуды тапсырып, ескерту жасады.
Айта кетсек, ауданда жалпы тік дренаждар саны 302 дананы құрайды. Оларды қайта қалпына келтіру үшін "Ислам Даму" банкі қаржысы арқылы жұмыстар жүргізу қолға алынған.
Тік дренажды ұңғымаларға конкурстық жұмыстар 3 лот бойынша ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталған.
Бірінші лот бойынша (Сүткент, Достық, Ақшеңгелді ауыл округтерінде орналасқан 105 тік дренажды ұңғыма) мердігер «Асатай» ЖШС. Бүгінге дейін 30 ұңғыма қазылды.
Екінші лот бойынша (Ұзын ата, Алатау батыр, Қызылқұм ауыл округтерінде орналасқан 89 тік дренажды ұңғыма) мердігер «Алматыинжстрой» АҚ «Геотерм» ЖШС. Бүгінге дейін 29 ұңғыма қазылды.
Үшінші лот бойынша (Қ.Тұрысбеков, Қоссейіт, Көксу ауыл округтерінде орналасқан 108 тік дренажды ұңғыма) мердігер «Толағай 2050» ЖШС. Жайғасу, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.