Спортсүйер қауым жақсы білсе керек, таяуда қол күрестен  Өзбекстан Республикасының астанасы – Ташкент қаласында Азия чемпионаты өткен болатын. Азияның алыптарымен еліміздің атынан күш сынасуға “Шардара Армспорт” қолкүресшілері аттанған еді. ҚР ұлттық құрамасының атынан бақ сынаған жерлестеріміз Азия құрлығында қарсылас шақ келтірмей 20 алтын медальді  жеңіп алды. Жеңімпаздар кешегі аптада елге оралды.

Өткен аптада аудан әкімі Арман Қарсыбаев еліміздің абыройын асқақтатқан жерлестерімізді арнайы қабылдап, оларға құрмет көрсетті.

«Сіздерге Өзбекстан елінің Ташкент қаласында өткен армрестлинг спортынан Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, үздік нәтиже көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бұл бойларыңыздағы қайсар мінез бен жалынды жігерлеріңіздің арқасында жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің абыройын асқақтатумен бірге,  ауданымызда армрестлинг спортының дамуына үлес қосып, белсенді түрде атсалысып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола білдіңіздер.

Сіздерге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, жеңісті күндер тілеймін!» – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, чемпиондарға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырып, тамыз айында Молдова елінің астанасы Кишинёв қаласында өтетін Әлем чемпионатында ел  абыройын асқақтата берулеріне сенім білдірді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.