25 мамыр күні барлық білім ошақтарында «Мектебім, саған мың алғыс» тақырыбында мектеп бітіруші түлектермен қоштасу кештері өтті. Сондай шаралардың бірі «Шардара» мектеп-лицейінде ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға «Шардара ауданының Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, ардагер ұстаз Жамал Төлешова, ардагер ұстаз, аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы Жаңылай Айдарова, ардагер ұстаз, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Гүлзахира Исаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Лаура Ошанова, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мұсахан Мархабай, мектеп-лицей директоры Жанат Сапаров, Ж.Тәшенов университетінің деканы Амангелді Мамыт қатысты.
Салтанатты жиын басталар сәтте алтын ұя мектептерінен үлкен өмірге ұшқалы отырған мектеп бітіруші түлектер құрметпен ортаға шақырылды. Мұнан соң сөз алған мектеп-лицей директоры Ж.Сапаров: «Бүгінгі шараның мақсаты – жастарды мейірімділікке, Отансүйгіштікке тәрбиелей отырып, қазақстандық мектеп түлегінің имиджін арттыру, мектеп дәстүрін сақтау, жаңарту, «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерін дәріптеу арқылы білімді ұрпақ идеясын насихаттау, «Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақ» ұстанымын қастерлеу» дей келе «Шардара» мектеп-лицейінің түлектері, «Алтын белгі» иегерлері Мейрамбек Қаныбеков пен Нұрсұлу Халбаевалар тағайындаған ақшалай ынталандыру степендиясын озат бірітуші түлектерге табыстады.
Жиын барысында үздік оқушылар мен білім беру саласында түрлі деңгейдегі білім сайыстарында топ жарған, жыл бойы үздік нәтиже көрсеткен бір топ ұстаздарға Алғыс хаттар табысталды. Сөз алған қонақтар мектеп бітіруші түлектерге сәт-сапар тілеп, армандарына жетуге тілектестік білдірді.
Мерекелік іс-шара бітіруші түлектердің сыңғырлаған қоңырау үнімен қосыла салған сазды әуендеріне ұласты.
Өз тілшімізден.