Еліміз бойынша мектеп бітірушілерге арналған «Соңғы қоңырау» іс-шарасы ауданымыздағы мақтаулы мектептің бірі – М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатында жоғары дәрежеде аталып өтті. Іс-шараға кезінде осы мектептің қабырғасын қалаған ардагер ұстаздар, қазіргі таңда еңбек етіп жүрген мұғалімдер, ата-аналар қатысты. «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында өткен салтанатты шара Әнұранмен бастау алып, оқушылардың әсем әуендеріне ұласты.

Салтанатты жиынның ашылу салтанатында мектеп-интернат директоры Баян Қанайбекова сөз алып, мектептің бір жылда атқарған жұмыстарына, жеткен жетістіктеріне шолу жасады.

«Біз дарынды балаларды қолдау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жолда жеміссіз де емеспіз. Шәкірттеріміз республикалық және халықаралық олимпиадаларға белсене қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Бірнеше оқушы республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары атанды. Олардың ұстаздары да жақсы үлгі көрсетіп, «Үздік педагог» атанды. Алдағы кездері де осынау игі дәстүрден жаңылмаймыз деп сендіремін. Бүгінгі мектеп бітіруші түлектерге әрдайым сәттілік тілеймін» деген Б.Қанайбекова 2023-2024 оқу жылындағы облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарған оқушылар мен олардың ата-аналарын және оқушыларға жетекші болған ұстаздар қауымын Алғыс хаттармен марапаттады.

Мұнан соң сөз алған қонақтар бүгінгі түлектердің болашақта «Жаңа Қазақстанды» құрушы мықты маман болуларына тілектестік білдіріп, ізгі тілектерін жолдады. Мектептегі «Әкелер мектебі» ұйымының төрағасы, ардагер ұстаз Тоқсанбай Тасыбеков мектеп кәсіподақ ұйымы атынан білім бәйгелерінде топ жарған оқушылар мен ұстаздарға сый-сияпаттар табыстады.

Жүректері лүпілдеп, алып ұшып тұрған мектеп түлектеріне де сөз беріліп,  жылы лебіздері мен ізгі тілектері тыңдалды.

Мектеп түлектері өздерінен кейінгі ізбасарларына мектеп туын табыстап, сенім білдірді. Осыдан кейін мектеп түлектері үшін асыға күткен соңғы қоңыраудың жүректі дір еткізер әсем үні естіліп, мектеп ауласын әдемі әсерге бөледі.

Сәт сапар саған, жас түлек! 

Өз тілшімізден.