Бүкіл әлемде 1 маусым – Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіп, халықаралық мейрамдардың бірінен саналады. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды.

Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы, десек артық айтқандық емес. Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі – балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.

Осы мереке қарсаңында өңір-өңірлерде түрлі іс-шаралар мен концерттік бағдарламалар өтеді. Күні кеше сондай іс-шараның бірі ұйымдастырылды. Шардара қаласының әкімі Олжас Айдосов «Рахым Сауап» қоғамдық орталығында емделіп, білім алатын мүмкіндігі шектеулі  балаларды  арнайы құттықтады. “Play парк” балалар алаңшасына жиналған ауданымыздың мүмкіндігі шектеулі балалары мәз-мейрам болып, алаңда алаңсыз ойнады. О.Айдосов балаларға балмұздақ таратып, көңілдеріне қуаныш ұялатты.

«Балалар, бүгінгі келіп жеткен мерекелерің құтты болсын! Біз сендерді жақсы көреміз, қай уақытта болмасын біз сендерді қорғаймыз, қолдаймыз. Әр қайсысыларыңның болашақтарың – ол елдің болашағы, Алла қаласа, айығып, жазылып кететіндеріңе сенімдімін» – деді қала әкімі.

Мерекелік шараға келіп отырған балалардың ата-аналары осындай қолдау көрсетіп отырған қала әкімшілігіне өз разылықтарын айтып, ақ баталарын берді.

Осындай қайырымдылық іс-шаралар жалғасын таба береді деп сенеміз.

М.Досымқызы.