Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету өз жалғасын тауып, жүйелі түрде іске асырылып келеді. Мереке қарсаңында аудандык «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетi» мекемесінде аталмыш орталықтың ұйымдастыруымен балаларға арналған «Бар мейіріміміз – балаларға!» атты мерекелік шара өтті.
– Болашағымыз деп есептелетін балаларға жақсылық жасау ешқашан ұмыт қалған емес. Еліміздегі әр бала мейірімге бөленіп, балалық шағын бақытты әрі қызықты өткізуге лайықты, – дейді аудандық «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ басшысы Мұхтар Мақанов.
Іс-шараға арнайы қатысқан «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет: «Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағыт-бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Сондықтан барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, сәбилерге бақытты балалық шақ, әрқашан сыңғырлаған күлкі тілеймін. Отанымыздың мақтанышы болуларыңа тілектеспін» – деп ұжым қызметкерлерінің жұмыстарына табыс тілеп, мекеме басшысы Мұхтар Мақановты Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, партия филиалы тарапынан балалардың ойын бөлмесіне 2 кілем тарту жасады.
Аталған шараның соңы мерекелік концертке ұласып, орталықтың атынан тегін балмұздақ таратылып, балапандар мәз-мейрам болды.
Мекеме басшысы балалардың көңіліне қуаныш сыйлаған демеушілерге ата-аналардың атынан алғыс білдірді.
Өз тілшімізден.