Өзбекстан Республикасында орналасқан «Сардоба» бөгетiнiң бұзылуы екi ел үшiн де айтарлықтай шығын алып келдi. Үйлерiн су басқан және тасқын қаупiне ұшыраған мақтааралдықтарға Үкiмет тарапынан барлық қажеттi көмек көрсетiлуде.
Ауылын су басқан 6127 адамға 100 мың теңгеден берiледi. Мұнда қазiргi есеп бойынша 845 отбасы бар. Егер бiр отбасыда 5 адам болса, демек 500 мың теңге алады деген сөз. Мемлекет әрбiрi 100 шаршы метрдi құрайтын 1030 үйдi жаңадан тұрғызып беретiн болды. Бұдан бөлек, орташа бүлiнген баспаналарға жөндеу жүргiзiлiп, ескi үйлерi тұрған жер телiмдерi тұрғындардың өздерiне қалдырылатын болды. Сондай-ақ, бүгiнгi есеп бойынша 7,7 мың гектар алқапта егiстiк бүлiнген. Онда егiлген бақшалықтың түрлерi мен шығындары және суда қалып өлген мал түгелденiп, шығындары нарық бағасына сай толық өтеледi. Қазiргi таңда, судан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмектер толығымен көрсетiлуде. Оған қосымша, тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға өзге өңiрлер мен Түркiстан облысына қарасты барлық аудандардан гуманитарлық көмектер жеткiзiлiп жатыр. Елiмiздiң түкпiр-түрпiрiнен қол ұшын созған азаматтардың да азық-түлiк пен киiм-кешек және күнделiктi қолданысқа қажеттi заттары тағы бар.
Апатты жағдайға тап болған көршi аудандағы тұрғындарға шардаралықтар да алғашқылардың бiрi болып көмек қолын созды. Шардара ауданы әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен қыруар көмек керуендерi мен акциялары жалғасын табуда. Аудан әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен аудан тұрғындары мен кәсiпкерлер демеушiлiк жасап, мақтааралдықтар үшiн құны 12 миллион 250 мың теңгелiк азық-түлiк заттарын, 2 миллион теңгеге тұрмыстық техникалар мен киiм-кешектер және 920 мың теңгеге мал азығын (шөп) апарды. Сонымен қатар, көлiк, қайық және жүк көлiктерi бар азаматтар Мақтааралға барып, өз еркiмен көмектесуде. Шардара ауданындағы 10 ауылдық округ және қала әкiмдiктерiнiң, жергiлiктi мешiттердiң ұйытқы болуымен аудандағы әр тұрғын өз үлестерiн қосуда. Оның iшiнде, өнерпаз азаматтар, спортшылар, кәсiпкерлер және қал-қадiрiнше үлес қосқан көптеген тұрғындар бар. Айта кететiн тағы бiр жәйт, Шардара ауданындағы бүкiл мемлекеттiк қызметкерлер бiр күндiк жалақыларын Мақтаарал тұрғындарына көмек ретiнде аударды.
Кешегi аптада аудан әкiмi өзi бастап шыққан «Biz birgemiz» акциясы аясында «Мақтааралға көмек» атты азық-түлiктер керуенi қасиеттi Мырзашөл өңiрiне жеткiзiлдi. Азық-түлiк тиелген керуендерге аудандық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Тоқсанбай Бердiбеков бастаған ақсақалдар қауымы батасын берiп, есендiктерiн тiлеп шығарып салды. Қазiргi таңда Мақтаарал ауданындағы орталық қоймаларына апарылған азық-түлiк, тұрмыстық техникалар тасқыннан зардап шеккендерге теңдей үлестiрiлуде. Ағымдағы айдың басында аудан тұрғындары 9 техника көмегiмен, Нұрлыжол ауылын судан аман алып қалу үшiн қашықтығы шамамен 2,5 шақырымды құрайтын су бөгетiн көтерiп шықты. Жұмыла кiрiскен жұмыстың нәтижесiнде Нұрлыжол ауылындағы 112 тұрғын үйдiң бiрде-бiрiн су баспады. Тасқын суға бөгет болған жерлестерiмiздiң осынау ерен еңбектерiне мақтааралдық тұрғындар алғыстарын айтуда. Бүгiнде ауыл тұрғындары өз үйлерiне оралып, көмектескен азаматтарға шексiз ризалық бiлдiрiп жатқанын айта кетуiмiз керек. Көмекке барған жерлестерiмiздiң көмегiмен Жеңiс ауылындағы 280 үйдiң тұрғындары толығымен қауiпсiз орынға эвакуацияланған. Қазiргi күнi жерлестерiмiз Жеңiс ауылындағы тазалық жұмыстарымен шұғылдануда.
Облыс әкiмi Ө.Шөкеевтiң тапсырмасына сәйкес, су апатынан зардап шеккен Жеңiс, Нұрлыжол ауылының тұрғындарына 5 эвакуациялық орын дайындап жайғастыру Шардара ауданы әкiмдiгiне жүктелген болатын. Қазiргi таңда №5 Мақтаарал мектеп-гимназиясында 426 адам, №46 Т.Бигелдинов және №6 Қ.Сәтпаев атындағы жалпы орта мектептерiндегi 3 эвакуациялық орнында 900-ге жуық тұрғындар орналастырылды. Олар жатақ орындармен, киiм-кешекпен және азық-түлiкпен толық қамтамасыз етiлуде. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жәрдемақылардың толық және заңдық талаптарға сай үлестiрiлуiн қамтамасыз ету мен мұқтаждықтарына сай қосымша көмектердiң орындалуына аудан әкiмдiгi қызметкерлерi аянбай еңбек етуде. Атап айтқанда, 13 медициналық қызметкер, 5 құтқару жасағының қызметкерi, 30 ерiктi, 12 әскери жиынға шақырылған әскери мiндеттiлер қызмет атқарып жатса, 6 автобус және 1 микроавтобус жұмыс жасауда. Қазiргi таңда, облыс басшысының бастамасымен «Бiркөлiк» демалыс орнына 60-қа жуық балалар жөнелтiлдi.
Тiлсiз жаудан зардап шеккен тұрғындардың жағдайлары толығымен қалыпқа келiп, байырғысынша алаңсыз күн кешетiн күн алыс емес.
Р.ЕРҒАЛИҰЛЫ.