Жаушықұм ауылының 2485 тұрғыны көгілдір отынмен қамтылды. Айтулы күннің салтанатты шарасына аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, жаушықұмдықтардың қуанышын бөлісті.

«Ең алдымен барша Жаушықұм ауылының тұрғындарын және газдандыру саласына атсалысқан бүкіл азаматтар мен қызметкерлерді құттықтаймын.

Бүгінгі таңда, Шардара ауданы бойынша 10 елді мекен мен Шардара қаласындағы 10 бірлік шағын аудан табиғи газбен қамтамасыз етілген. Оларда тұратын халық саны – 79 129 адам, аудан тұрғындарының 94% пайызын құрайды.

2023 жылы «Түркістан облысы, Шардара ауданы, Жаушықұм а/о, Жаушықұм елді мекендеріне тартылатын және таратушы газ құбырын салу» нысаны құрылысына республикалық бюджет есебінен қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстарын "Gas Energy Construction" ЖШС жүргізген еді. Ағымдағы жылдың 31 мамырында нысанды іске қосып отырмыз.

Аталған жоба аясында Жаушықұм елді мекеніндегі 2485 тұрғын табиғи газ көзіне қосылып, жалпы аудан тұрғындарының табиғи газбен қамтылуы 97,1 пайызды құрайтын болады. Сонымен қатар, 2024 жылға жоба құны 49 млн теңге құрайтын Қ.Тұрысбеков а/о, Ақберді елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу шаралары ұйымдастырылуда.

Қуанышты да, жемісті күндеріміз көп болсын» – деді А.Қарсыбаев.

Сондай-ақ, салтанатты шараға келген қонақтар мен ақсақалдар қуаныштарын бөлісіп, салаға жауапты мамандарға алғыс білдірді. 

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.