Аудандық ардагерлер кеңесінің ұжымы, жалпы ардагерлер қауымы қайырымдылық шараларынан шет қалған емес. Апта барысында Тоқсанбай Бердібеков бастаған бір топ ардагерлер су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына қаржылай көмек көрсетіп, демеушілік танытты.
«Ардагерлер үйінде» өткен жиынға Ақ алтын ауылы ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымының төрағасы Орынбасар Тұрсынхан, Ақшеңгелді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ерлан Қожахан қатысып, ауыл ардагерлері жинаған 755 000 теңгені аудандық ардагерлер кеңесіне табыстады. Жиын барысында кеңес төрағасы Т.Бердібеков Ақшеңгелді ауылы ардагерлерінің қайырымды істеріне алғысын білдірді.
«Еліміздің бірнеше өңірінде су тасқыны орын алып, халық қиналып қалды. Осындай қиын-қыстау кезеңде ардагерлер алдыңғы саптан көрінуі тиіс. Ел ішінде ауызбіршілік мықты болуы керек. Біз де қолдан келгенімізше қол ұшын созып жатырмыз», – дейді Т.Бердібеков.
Өз кезегінде сөз алған өзге ардагерлер де қиын-қыстау кезеңде мұқтаж жандарға қол ұшын соза беретіндерін айтты. Ардагерлер қауымы бұған дейін су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына 2 рет қаржылай көмек қолдарын созған.
Өз тілшімізден.