Күні кеше Шардара қаласынан екі қабатты жаңа «Nyshankul tekstil» мата-кешектер мен қазақы нақыштағы  көрпе-төсектер сататын заманауи дүкен ашылды.

Кәсіптік нысанның салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Н.Сапаров, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, аудандық мәслихат төрағасы Б.Мүтәлиев және ақсақалдар мен ел ағалары қатысты. 

Нысанның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған қонақтар құттықтау сөздерін айтып, сауда орнының ашылу лентасын қиды.

«Құрметті Нышанкүл Асылбекқызы, аудан орталығынан «Nyshankul tekstil» сауда орталығын ашып, қаламыздың дамуына үлес қосқаныңыз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да өңірдің кәсіпкерлік саласын одан әрі дамытып, ауданымыздың көркейіп-гүлденуі үшін аянбай еңбек ете беретініңізге сенімдімін.

Сіздің деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, кәсібіңізге береке тілеймін!» – деген Н.Сапаров, кәсіпкерге аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан «Алғыс хат» тапсырды.

Мұнан соң Б.Мүтәлиев, Т.Бердібеков, Д.Үзденбаевтар сөз алып, пайдалануға беріліп жатқан нысанның алдағы уақытта аудан экономикасын көтеруде елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Нысанның ашылу салтанаты барысында жиналған көпшілік сауда орталығын тамашалап, заманауи және соңғы үлгідегі тауарларды көріп, таңданыстарын жасыра алмады.

– Анамыз Нышанкүл осындай жеке сауда орталығым болса деп көптен бері армандап жүруші еді. Бүгін анамыздың арманы орындалған күн деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді пайдалана отырып, осындай нысан ашуға қол жеткізді. Біз ол кісінің осы жұмысы жандана түсуі үшін қолдан келген көмегімізді береміз. Шардара халқы үшін бар қызметке әзірміз, – дейді аудандық мәслихат депутаты Бекарыс Базаров.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өмірбек Рүстем жыл сайын ауданда шағын орта бизнес субьектілерінің саны  артып келе жатқанын тілге тиек етеді. «Бүгінгі таңда ауданымыз бойынша шағын кәсіп – 413, орта кәсіп – 1, дара кәсіпкерлер –  4234, шаруақожалық саны – 5959. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында сауда айналымын толықтыруға 18 кәсіпкер сүйемелденіп, 3 кәсіпкер мақұлданды. Іс-шара жалғасуда» – дейді Ө.Рүстем.

«Кәсібің – нәсібің» дегендей, қол қусырып қарап отыруды білмейтін, үйдің күйбең тіршілігіне де, сауда ісіне де үлкен жауапкершілікпен қарайтын Нышанкүл апа өзін әрдайым еңбекте бақытты сезінеді. Өйткені еңбектеніп, маңдай термен тапқан нан тәтті дейді ол.

Кәсібіне көзсіз берілген кейіпкеріміз – ардақты ана. Берекелі бірлік пен тынымсыз тірліктің арқасында таңның атысы, кештің батысына қарамай өз ісін дөңгелетіп отырған көпке үлгілі ана.

Кәсіптеріңіздің нәсібі арта берсін! 

Рүстем ПЕРДЕБЕК.