Құрметтi шардаралықтар!
Баршаңызды мұсылман қауымының қасиеттi мейрамы – Құрбан айт мерекесiмен шын жүректен құттықтаймыз!
Құрбан айт – барша мұсылманның қадiр тұтатын Ұлық мерекесi.
Құрбан айт – ізгілік пен мейірбандықтың, жақсылық пен қайырымдылықтың мейрамы.
Құрбан айт мерекесі – қазақ халқының салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен мейрамдардың бірі. Себебі, дана халқымыз ықылым замандардан бері отбасы мен ағайын-туысты, жақындарды құрметтеп, бауырмашылдықты ту еткен.
Халқымызда «Бақыт қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген даналық сөз бар. Бүгінде еліміз тыныш, жұртымыз аман өмір сүріп келеді. Қоғамның барлық саласы қарышты қадаммен алға басып, өсіп-өркендеуде. Рухани құндылықтарымыз арта түсуде.
Біздің елімізде Құрбан айт әртүрлі этностар мен дін өкілдері арасында өзара сыйластықтың, достық пен бірліктің бірегей дәстүрлерін сақтауға және оны нығайта түсуге ықпал етеді.
Қазақстан халқының ұлттық бірегейлігін, игі құндылықтарын, сан ғасырлық мәдени және тарихи мұраларын сақтап, одан әрі дамыта түсуге септігін тигізеді.
Бірлігімізді бекемдеп, тұтастығымызды нығайтатын мерекеде шалған құрбандықтарыңыз, қасиетті күндерде жасаған ізгі амалдарыңыз бен игі ниеттеріңіз қабыл болсын!
Құрбан айт күні әрбір отбасында амандық, елімізде бірлік пен ынтымақ болсын деп тілейміз!
Құрбан айт құтты болсын!
Құрметпен, аудан әкімі А.Қарсыбаев
Аудандық мәслихат төрағасы Б.Мүталиев