Өткен аптада аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай және аудандық қорғаныс iстер жөнiндегi бөлiмiнiң басшысы, майор Ербол Жұманов Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстiң  75  жылдығына орай тыл ардагерлерiн құттықтады.

Аудан басшысы арнайы Ресей Федерациясы Президентiнiң атынан келген медальдi ардагерлердiң үйiне барып салтанатты түрде тапсырып шықты. Сонымен қатар, Жеңiс күнiне орай тыл ардагерлерi мен соғыс мүгедектерiнiң жесiрлерiне, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерiне теңестiрiлген азаматтар-дың барлығының жеке шоттарына 30 мың теңгеден төлемдер жiберiлдi. Сондай-ақ, аудан басшысы Отан үшiн аянбай еңбек етiп, қан мен терiн төккен тұлғаларға әрқашан қамқорлық жасалатынын айтты.

Шардара ауданында барлығы 53 тыл ардагерi, 9 Ұлы Отан соғысы мүгедектерiнiң жесiрлерi ғұмыр кешуде. Олардан бөлек 57 жерлесiмiз Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерiне теңестiрiлген азаматтар қатарына кiредi. Ал Шардара ауданынан Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың саны 800-ден асып жығылады. Олардың барлығының да аты-жөнi Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы кезiнде «Тұңғыш Президент» саябағында бой көтерген «Даңқ» ескерткiшiне қашап жазылған.

Елi, жерi және болашақ үшiн қан майданда қаза тапқан отандастарымыздың ерлiгi мәңгi жадымызда сақталады.

(Суреттерде: Майдангердiң зайыбы Қаламқас Жұматаева мен тыл ардагерi Тәшман Шекеровтiң шаңырақтарында)

 Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.