28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. Осынау мерекелі күнге орай қолына қалам ұстаған журналистердің құрметіне түрлі іс-шаралар өтіп жатады. Аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауданымыздағы ақпарат саласының өкілдерін құттықтады.

«Сіздерді бұқаралық ақпарат құралдары күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге ауданымыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігін жарыққа шығарып, жарқын жаңалықтарды аудан тұрғындарына жеткізу бағытында атқарып жатқан еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Аудандық «Өскен өңір» және «Шартарап Шарайна» газеттері ауданымыздың рухани шамшырағы, ғұмыр айнасы екені баршамызға белгілі. Аудан көлемінде болып жатқан саяси-мерекелік шаралар мен игілікті істердің еш кідіріссіз газет бетінде жарық көруі  тұрғындарды ерекше ықыласқа бөлейді. Ауданымыздың тілшілер қауымы қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқаруда. Журналистика – елді бүлікке емес, бірлікке бастайтын саяси маңызды саланың бірі де, бірегейі. Баршаңызға шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін» – деген Арман Романұлы салтанатты жиында БАҚ өкілдеріне «Алғыс хат» пен сыйлықтар тапсырды.

Аудан көлеміндегі журналистер қауымы да аудан басшысының құрметіне ризалық білдіріп, әрбір бастамасына қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. 

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.