Халық пен билік арасында дәнекер болатын, ел ішіндегі өзекті мәселелерді қозғап, оның шешілуін қамтамасыз ету үшін қажетті мемлекеттік органдарға уәжін жеткізетін ұйымдардың бірі – Қоғамдық кеңестер. Қоғамдық кеңестерді құру бастамасы Қазақстанда 2013 жылы қолға алынды. Аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін көрсете білген ұйымдардың 2015 жылы құқықтық мәртебесі айқындалды. Сол жылы Қоғамдық кеңестер туралы арнайы заң қабылданды.

Ауданымызда мәслихат жанынан құрылған Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Мұрат Нұрпейісов жетекшілік ететін ұйым тоқсанына бір рет жиналып, өзекті деген мәселелерді қозғап, оның шешілу жолдары туралы атқарушы органға ұсыныс жасап отырады. Күні кеше болып өткен Қоғамдық кеңес жиынында «Кеңес жұмысын жандандыру және ақпараттандыру» мәселесі қаралды.

– Қоғамдық кеңестердің орасан зор әлеуетке ие екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Қоғамдық кеңестердің негізгі міндеті – азаматтық қоғамның маңызы бар мәселелері бойынша пікір білдіру. Халықтың тілегімен, ой-пікірімен санасу. Біз осы орайда ішкі тәртібімізді және жұмысымызды жандандыру бағытында өзара ақылдасып алсақ дейміз, – деді жиынды жүргізіп отырған кеңес төрағасы М.Нұрпейісов.

Жиын барысында кеңес мүшелері – аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Қ.Ерназар, білім беру мекемелері қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ұ.Жұман, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласовтар өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге аудан әкімінің орынбасары Н.Сапаров осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстарға шолу жасай келе, алдағы атқарылар жұмыстарға да тоқталды. Сонымен бірге басқосуда аймақтың алдағы даму барысы талқыланды.

Алдағы уақытта, кеңес мүшелері Президенттің берген басымдықтарын жаңаша леппен, жаңа үдеріспен орындайды деп сенемін, – деді М.Нұрпейісов.

Өз тілшімізден.