Шардара қаласы әкімдігіне қарасты «Шардара қаласының шаруашылық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі негізінен қала ішіндегі саябақтар мен скверлердің тазалығымен, көгалдандыру, абаттандыру жұмысымен айналысады. Көше бойындағы суағарлар мен аяқжолдар тазалығы, ағаштардың күтімі, саябақтағы жарық шамдарының түгелдей жанып тұрулары да осы мекеменің мойнында.

Комммуналдық мекеменің тізгінін жаңа жылдан бері Асан Байғозиев қолға алған болатын. Асанның есімі жалпақ жұртқа спортшы ретінде жақсы таныс. Қол күресінен бірнеше рет әлем чемпионы атағын жеңіп алған даңқты спортшы ендігі жерде туған жердің тазалығы үшін тер төгуді мақсат етіпті. «Жас келсе іске» дегендей, жаңа басшы өз міндетіне білек сыбана кірісіп кеткеніне куә болып жүрміз. Әсіресе, биылғы қыс қардың көп жаууымен жұртшылықтың есінде қалды. Асан Байғозиев басқаратын мекеме қызметкерлері осы сәттерде уақытпен санаспай жұмыс істеді. Таң атпай жатып қар күреп, үлкен көшелерге құм, тұз сеуіп, жолдарды тазартып отырған  еңбектерін ел көрді. Ұзақ жылдан бері мұндай ілкімді істі, нәтижелі жұмысты көрмеген тұрғындар дән риза болған еді.

Асан Байғозиевтің алғаш қолға алған тірлігі – қала аумағындағы ағаштарды реттеу болды. Көше мен саябақтарда отырғызылған күйі ары қарай күзеліп, түзелмеген дарақтар қалай болса солай өсіп кеткеніне халықтың да көзі үйреніп кеткен болатын. «Шаруашылық қызметтің» қызметкерлері ретсіз бұтақтап кеткен 2000-ға жуық шырша ағаштары мен 15000-ға жуық қара ағаштарды талапқа сай қырқып шықты. Шебер қолмен күзелген көкжелектерді көрген адамның көзі сүйсінді.

Дәл қазіргі таңда мекеме қызметкерлері тал-дарақтарға тоқтаусыз су беріп, арнайы электрлі орақпен шөп шауып жүр.

–Біздің мекемеде қазіргі таңда 65 адам жұмыс істейді. Үш бригада қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтағы саябақтар мен скверлерде, басқа да демалыс орындарында  абаттандыру жұмысымен айналысса, тағы бір бригада  суағарлар мен аяқжолдардың тазалығына қарайды. Алдағы уақытта техника санын көбейтіп, жұмыс қарқынын мұнан әрі арттыратын боламыз. Мақсатымыз – Шардара қаласын таза да әсем қалаға айналдыру. Туған өлкемізді түлету үшін аянбай ету – азаматтық борышымыз, – дейді коммуналдық мемлекеттік мекеменің директоры Асан Байғозиев. 

«Шаруашылық қызметтің» жұмысшылары аптап ыстықта да тірліктерін бәсеңдетпейді. Жасы алпысты алқымдап қалған Исатай Бұралқиев ағамыз 12 жылдан бері осы мекемеде еңбек етіп келеді. Маңдай тері сорғалаған  жігітағасының  қолы бір босаған сәтінде әңгімеге тартып үлгердік.

–Тазалық жұмысы бір күннің немесе, бір аптаның жұмысы емес. Тоқтаусыз қимылдасаң ғана тазалық болады. Көпшілік болғасын кейбір тұрғындар қоқыстарын қаппен әкеліп, ешкімге көрсетпей лотоктың ішіне  тастап кетеді. Дер кезінде оны біз алып кетеміз. Өзіміз ғұмыр кешетін аймақтың тазалығы үшін күресіп жүргенімізді мақтан тұтамын, – дейді Исатай Бұралқиев.   

Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың сайлауалды бағдарламасының бірі – ауданды абаттандыру болатын. Бұл шаруа – қатаң тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан болар, осынау істі жүргізуді Асан Байғозиевке сеніп тапсырып отыр. Асанның бүгінгі таңдағы атқарып келе жатқан дамылсыз тірлігі аудан басшысының үмітін абыроймен атқарып шығатынына баршамызды сендіріп отыр. Қала тазалығына, сонымен бірге «Таза Қазақстан» акциясына үлкен үлес қосып келе жатқан осынау азаматтарға іске сәт дегіміз келеді. 

Әділ ӘБДІРАМАНОВ.