Күні кеше ауданымызда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” КММ мен Шардара аудандық “Жастар рестурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, лудоманияның алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ өзіндік шеберлігін көрсете білуіне көмек беру, республикалық, облыстық сайыстарға шыңдау мақсатында облыстық “Жастар слеті: Тәжірбие алмасу алаңы” атты жастар слеті өтті.
Шараның салтанатты ашылуында Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, Түркістан облысы тергеп-тексеру департаментінің аға офицері Гүлзия Қарсыбай, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” КММ-ның басшысы Ернар Бектаевтар сөз сөйлеп, жалынды жастарға ыстық лебіздерін жеткізді.
Екі күндік шараға облысымыздың 10 өңірінен 200-ден астам жастар жиналды.
Слеттің бағдарламасы бойынша өңірлерден келген жастар ең алдымен тағлымы терең Шардараның тарихынан сыр шертетін орталық музейдің арнайы көрмесімен танысып, орталық кітапхана ұйымдастырған Шардараның тарихи тізбелерінен тұратын, кешегі мен бүгінгі күнді сөйлеткен кітаптар көрмесімен танысты. Әлемге танылып жүрген ауданымыздың спортшылары, мақтаныштары жайлы да көрмеге көз жүгіртті. Жиынға келген жастар «Шардарадағы спорт мектебінің саны – 7, спортшылар саны – 6255, спорт ғимаратының саны – 150, әлем чемпиондары – 127, әлем чемпионатының жүлдегерлері – 133, әлем кубогының иегерлері – 27, Азия чемпиондары – 330, Азия чемпионатының жүлдегерлері – 287, Азия кубогының иегерлері – 84, ҚР чемпиондары – 479, ҚР чемпионатының жүлдегерлері – 623, Халықаралық турнирлердің жеңімпаздары – 115, Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері – 71, ҚР спорт шебері – 122, ҚР спорт шеберлігіне үміткерлер – 562, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылр – 5, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері – 2» деген жоғары көрсеткіштерді көріп, таңданыстарын жасыра алмады. Шардараның республикадағы алдыңғы орындағы аудан екеніне тағы бір көз жеткізді.
Бағдарламаның келесі бөлімінде қонақтар ауданымыздағы «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің қолөнерлерімен таныстырылды. Атап айтқанда, қозының, қойдың жүнінен киіз, тоқыма киімдер, балаларға арналған қыстық жылы жейделерге куә болдық.
Жастарды ауданымызда “Ұлттық жоба” аясында мемлекеттік қайтарымсыз грант алушылар айналысып отырған кәсіптерімен де таныстыра кетті. Балық өсірумен, қымыз өндірумен, құрт өндірісімен, ұлттық киімдер тігу, бөдене шаруашылығы сынды халыққа пайдалы жұмыстың басын ұстап, өз еңбегінің жемісін жеп жүрген азаматтар жастарға өнімдерін тәтпіштеп түсіндірді.
“Біздің облыс деңгейінде жастар слетін ұйымдастыруымыздың мақсаты – жастарды зиянды заттардан алшақ тәрбиелеп, жастарды бір жерге біріктіріп, ауызбіршіліктерін күшейтіп, салауатты өмір салтын насихаттап, білімнің біліктілігін арттыру мақсатында осы слетте түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Оның ішінде лудоманияға қарсы іс-шаралар, “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында жағалау аймақтарында жастармен тазалық жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Екі күнге созылатын слетіміздің арнайы бағдарламасында көрсетілгендей түрлі жарыстар ұйымдастырып, жастарды қайықпен серуендетіп, суда шомылу ережелерін үйрету бойынша оқу-жаттығу сабақтарын өткізетін боламыз” – дейді Шардара ауданының “Жастар ресурстық орталығы” КММ-ның басшысы Мағжан Шамиев.
Айтса айтқандай, мұнан кейін теңіз жағасында жастар арасында түрлі жарыстар ұйымдастырылды.
Мадина ДОСЫМҚЫЗЫ.