Аудандық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Тоқсанбай Бердiбеков бастаған Байдулла Рахматуллаев, Таған Әлiпбаев сынды ардагерлер қауымы Мақтаарал ауданында болып,
су басқан аймақтың хал-жағдайымен танысып қайтты. Мақтаарал аудандық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Сейiтхан Омаровпен бiрге «Жеңiс» ауылындағы су астында қалған үйлердi, одан Мырзакент қалашығының жанынан салынып жатқан жаңа үйлердiң құрылыстарын аралап көрген шардаралық ардагерлер аудан әкiмiнiң орынбасары Бейсенбай Төребековтiң қабылдауында болды. Су басқан аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар еткен Бейсенбай Төребеков ат басын бұрып келген шардаралық ел ағаларына алғыс бiлдiрдi.
Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен мақтааралдық бауырларға жiберiлiп жатқан әлеуметтiк көмектер алдымен орталық қоймаға келiп жиналады екен. Осы жерден тiзiм бойынша қажеттi жерлерге таратылып берiледi.
Қойманың жауапты қызметкерi, «Нұр Отан» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Досым Асабаев қазiргi таңда су басқан аймақтағы 6 мың отбасыға бiрнеше бағыт бойынша, атап айтқанда, жаңадан тұрғын үй салу, су астында қалған үйлердi жөндеу, әрбiр отбасыға 1000 АҚШ долларынан және әрбiр отбасы мүшелерiне 100 мың теңгеден көмек беру, бүлiнген егiстiк алқап пен суға кеткен мал шығындарын есептеу, күнделiктi ыстық тамақпен қамту жұмыстары жүйелi түрде жүргiзiлiп жатқанын айтып бердi. Мақтаарал аудандық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Сейiтхан Омаров сын сағаты туған кезде халықтың бiр кiсiдей жұмыла жәрдем бергендерiне тұрғындардың ризашылығы шексiз екендiгiн айтты.
Аудандық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Тоқсанбай Бердiбеков көршi ақысы – тәңiр ақысы екенiн айта келе, шардаралық ардагерлердiң атынан жиналған қаржыны көмек ретiнде мақтааралдықтарға аударып отырғанын жеткiздi.
Шардаралық ардагерлермен аудан әкiмiнiң орынбасары Бауыржан Шомпиев бiрге болды.
Өз тiлшiмiзден.