Газетіміздің өткен нөмірінде әділет кеңесшісі Әлі Алмас Ермекұлының Шардара ауданына прокурор болып тағайындалғанын жазған болатынбыз. Аудан прокуроры болып тағайындала сала Алмас Ермекұлы аудан халқымен танысып, алғашқы жұмысын аудан ардагерлерімен кездесуден бастады.
Аудандық ардагерлер үйіндегі жиында жаңадан тағайындалған прокурорды ардагерлерге таныстырған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков аудан прокуратурасы мен аудан ардагерлері арасындағы ұзақ жылғы өзара байланыс жөнінде кеңінен әңгімелеп, алдағы уақытта бұл дәстүрдің жалғаса беретінін, жастар тәрбиесі мен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ардагерлер де атсалыса беретіндігін атап өтті.
Сонымен қатар еңбек ардагерлері – Жамантай Жаңабаев, Тәңірберді Ағманов, Оралбек Ақбердиев, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық Қажылар қоғамдастығының төрағасы Дәулет қажы Үзденбаев, тағы басқалар аудан прокуроры болып тағайындалған Алмас Ермекұлының алдағы жұмыстарына жетістіктер тілеп, сонымен қатар өздерінің өтініштерін де білдірді. Таза ауыз су, жастар тәрбиесі, көлік қозғалысы бойынша орын алған кемшіліктерді жоюға атсалысуын өтінді.
Өз сөзінде Алмас Ермекұлы әрқашан аудан халқымен, оның ішінде ардагерлермен бірлесіп жұмыс істейтіндігін атап өтті.
Алғашқы жұмысын ақсақалдардан бата алудан бастаған Алмас Ермекұлының заңсыздықтарды жою бағытындағы жұмыстарына сәттілік тілейміз.
«Өскен өңір» – ақпарат.