Таяуда Мырзашөл өңiрiне Шардара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлiмiнiң ұйымдастыруымен,

Мақтаарал ауданындағы №5 Мақтаарал мектеп-гимназиясы және №6 Қ.Сәтбаев атындағы ЖОМ-ның эвакуациялық орындарында спорттық сайыстар өттi. Ондағы  эвакуациялық орындарда жатқан ересектер мен жасөспiрiмдер арасында асық ату, ләңгi тебу, қол күресi, кiр тасын көтеру, дойбы, жерден көтерiлу және турник секiлдi спорт түрлерiнен жарыстар болып, ондағы тұрғындар мәз-майрам болысты.

Осы күнi Шардара аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйiнiң өнерпаздары тасқыннан зардап шеккен азаматтарға арнап концерттiк бағдарлама қойды. Тұрғындардың көңiлiне қуаныш ұялатып, рухани тұрғыдан демеу болу мақсатында өткiзiлген әдеби-сазды кеште әсем әннен шашу шашып, күмбiрлеген күйден кiлем төсеген өнерпаздарға тыңдармандар дән риза болды.

Бiр сәт жыр-терме тыңдап, спорттық жарыстарға белсене қатысқандар түрлi сыйлықтармен, медаль және грамоталармен марапатталды. Судан зардап шеккен тұрғындардың жанына демеу болған спортшыларымыз бен өнерпаздарымызға мақтааралдықтар алғыс айтты. Сонымен қатар, Шардара ауданы тасқыннан зардап шеккен Жеңiс ауылында тазалық жұмыстарын жүргiзiп жатыр. Ерiктiлер, әкiмдiк қызметкерлерi және аудан тұрғындары күнделiктi ауысым бойынша ауыл iшiн тазалап, тасқыннан зардап шеккендерге қол ұшын созуда.

Рүстем  ЕРҒАЛИҰЛЫ.