Аудандық емханаға барар жолдың тарлығы, "Жедел жәрдем" көліктері кеңсесіне барар жолды асфальттау мәселесі көптен бері көтеріліп жүрген.  С.Әшіров көшесінен емханаға қарай бұрылған соң ары қарай көлікпен жүру тіпті қиын еді.

Егер "Жедел жәрдем" көліктері кеңсесіне барар жолды асфальттаса емханаға бару да оңайға түсетіні  айтылып жүрген. Аурухана мен емхана басшылары бұл мәселені аудан басшыларына бірнеше рет айтып, күн тәртібіне қойғанынан хабардармыз. Таяуда осы түйінді мәселенің түйіні шешілді.

Кешегі аптада аудан әкімі Арман Қарсыбаев жергілікті бюджет есебінен салынып жатқан, қалалық емханаға баратын жаңа жолдың құрылысымен танысты.

Ұзындығы 235 метрді  құрайтын  жол аудан тұрғындарының емханаға кептеліссіз келіп-кетуі мен «Жедел жәрдем» көліктері кеңсесіне кедергісіз кіріп-шығуына мол мүмкіндік бермек.

Арман Романұлы аудан тұрғындарына қолайлы орта жасау мақсатында жасалып жатқан жолдың  құрылысын бақылап, мердігерлерге жол сапасына ұқыпты болуды тапсырды. 

Айта кетсек, жол тамыз айының соңында пайдаланылуға берілмек. 

"Өскен өңір" – ақпарат.