Аудан әкімі Арман Қарсыбаев Шардара аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асанбай Махашевты қабылдап, бөлім тарапынан 2025 жылға жоспарланған жобалар туралы жұмыстарды талқылады.
Бүгінде Шардара қаласы бойынша жер кезегінде тұрған азаматтар саны – 9718 адам және Достық ауылында – 147 адамды құрайды. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру тәртібі қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелері жүргізілген тұрғын үй алқабынан беріледі. Осыған орай, Шардара қаласы 3-ші мөлтек ауданынан инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жүргізу мақсатында, атап айтқанда, су және электр желілерін жүргізу мақсатында 635 жер учаскесін құрайтын 21,4 га жер аумағына су, электр жүйелерін жүргізу құрылысына жұмыс жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, жұмыс бастау күтілуде. Бұдан бөлек, Шардара қаласы Өтеғұл мөлтек ауданынан 245 жер учаскесін құрайтын 6,3 га жер аумағына және Достық ауылынан 422 жер учаскесін құрайтын 10,8 га жер аумағына су, электр жүйелерін жүргізу құрылысына жұмыс жобасы жасалып, сараптама қорытындысы әзірленген.
Сонымен қатар, ауданымыздың халық санынан ең үлкен, яғни 8244 адамы бар Алатау батыр ауылдық округінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде E-gov порталы арқылы 2041 адам тұр.
Алатау батыр ауылдық округінің Қазақстан ауылы (299 уч) мен Целинный ауылының (1075 уч) 2022 жылы бекітілген бас жоспарына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жалпы саны 1374 жер телімі жоспарланған.
Бүгінгі таңда, бөлім тарапынан ауыл халқының тұрмысын жақсарту және жеке тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жер телімдерін беруді қамтамасыз ету мақсатында, Целинный ауылынан №618 Пикет көшелеріндегі 96 жер теліміне инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге жерге орналастыру жобасы әзірленуде.
Ал мәдениет мен әдеп-ғұрыптарды дәріптеуге және ауылдың тұрмысын жақсарту мен ағартушылықты қалыптастыру мақсатында Ақшеңгелді ауылдық округіне қарасты Егізқұм ауылынан мәдениет үйінің құрылысын жүргізуге жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеу жоспарлануда.
Оған қоса, ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту және тұтастай алғанда спортпен айналысуға қолайлы орта құру мақсатында демеушілер есебінен 3 ауылда, атап айтқанда: Алатау батыр, Қ.Тұрысбеков және Сүткент ауылдық округтерінен спорт кешендерінің құрылысын жүргізуге жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған.
Аталған нысандардың құрылысын «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан қаржыландыруға Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған.
Бұдан бөлек, ауданымызда суда жүзу спортын дамыту мақсатында Шардара қаласы, Жастар көшесінің бойынан бассейн құрылысының жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Аудан әкімі бөлім басшысына тың жобаларды жүзеге асыру бойынша қарқынды жүмыс істеуді тапсырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.