Күні кеше «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өткен тақырыптық қоғамдық қабылдауда аудан тұрғындары тәжірибелі заңгерлер мен білікті мамандардан заң аясындағы сұрақтарына жауап алды.

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде Шардара аудандық филиалының төрағасы Е.Бекет, аудандық орталық аурухананың басшысы М.Сейітханов, сондай-ақ аудандық білім бөлімінің, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлері мен заңгер, адвокат, медиатор және мемлекеттік сот орындаушылары аудан тұрғындарының өтініштерін тыңдап, тегін кеңестер берді.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі мемлекет тарапынан тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек, алимент өндіру, жұмыспен қамту, мектеп формасы, ыстық тамақ, балаларды мектепке қабылдау тәртібі және алаяқтарға алданған азаматтар заң бойынша қорғану тәсілдерін сұрап, өзге де мәселелер бойынша сұрақтар қойды.

Қабылдауға келген азаматтардың барлығы заң аясында құқықтық кеңес алып, қабылдау соңында заң саласы мен жергілікті атқарушы орган өкілдеріне алғыстарын білдірді.

Өз тілшімізден.