Ауданымыздың дамып, өркендеуіне елеулі үлес қосқан алдыңғы толқын ағалардың ерен еңбегі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз. Осы мақсатта газет бетінде арнайы айдар ашылып, мақалалар жазылуда, кітапханалар мен мектептерде кездесулер өтуде. Жастарға үлгі боларлық мұндай шаралар алдағы уақыттары да жалғасын таба берері анық.
Апта барысында осы аймақтың экономикалық өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Жақан Аманов ағамыз 75 жасқа толды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков жуырда Жақан ағамызды арнайы қабылдап, мерейтойымен құттықтады.
1949 жылы Жетісай ауданы, Ленин атындағы колхозда дүниеге келген. 1971 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін 1972 жылы Ленин колхозынан шағалалы Шардара өңіріне қоныс аударады. Сол жылы Шардара аудандық мемлекеттік сақтандыру бөлімінің бас есепшісі қызметінде бірнеше айлар істеп, одан кейін сол бөлімде 1976 жылға дейін басшылық қызмет атқарған. Өзінің еңбек жолында аудандық әкімшілікте экономика бөлімінің бас маманы, есепші қызметін атқарды. 2000 жылдары облыстық Төтенше жағжайлар бөлімінің аудандық филиалдары ашылып, Жақаң сол саланың Шардара ауданындағы бөлімінде 2000-2005 жылдары басшылық етті. Одан қайта аудандық әкімшілікке оралып, қайнаған жұмысқа қызу араласа кетті.
Ардагерге құрмет көрсеткен Т.Бердібеков: «Сіз ауданымыздың өсіп-өркендеуі мен дамуы үшін өз қажыр-қайратыңыз бен ақыл-кеңесіңізді аямадыңыз. Алдағы уақытта арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, елді бірлікке, ынтымақтыққа шақырып, үлгі-өнеге көрсете береді деп сенемін.
Сізді мерейтойыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға бақыт, береке-бірлік тілеймін. Немере-шөберелеріңіздің қызығын көруге жазсын!» дей келе, Алғыс хатпен марапаттады.
М.ЕРАЛЫ.